11/11/2024
Home / Ilm / Дәйексөз (цитата)

Дәйексөз (цитата)

Дәйексөз (лат. Cito – келтіремін, шақырамын) – түпнұсқадан сөзбе-сөз алынған үзінді. Автордың ойын беделді пікірлермен тиянақтау үшін, біреудің пікіріне сын айту үшін, құнды дерек ретінде пайдалану үшін қолданылады. Дәйексөздің қайдан алынғаны толық көрсетілуі керек.

Дәйексөз, негізінен, баспасөз материалдарында, ғылыми еңбектерде, кітаптар мен әртүрлі қолжазбаларда, баяндамалар мен сөйлеген сөздерде келтіріледі. Дәйексөздерді ғылыми еңбектерде пайдаланғанда, сол еңбекте айтылатын оймен логикалық тұрғыдан қабысып, жарасым табуы тиіс. Айтылмақ ойды одан әрі дамытып, жаңа деректермен толықтырып тұру керек. Сонда ғана ол өз міндетін атқарады. Әдетте, зерттеу еңбектерінде ғалымдар мен әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің пікірлерінен дәйексөздер алынып отырады. Мұның өзі үлкен талғаммен, орынды алынса, еңбектің сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Дәйексөз, көбінесе, ықшам түрде алынады. Сөйлем ұзақ болған жағдайда керекті жерін алып, қысқартылған сөздер орнына көп нүкте қою шарты бар. Дәйексөз, әдетте, тырнақшаға алынып жазылады. Міндетті түрде дәйексөз алынған еңбек, оның авторының аты-жөні сілтемелерде анық, нақтылы көрсетілуі тиіс.

Дәйексөз тырнақшаға алынады және автордың жазған стилін сақтап, дереккөздегі қалпындағы грамматикалық формада беріледі. Ғылыми жұмыстарда қандай да бір материалды оған сілтеме жасамай, тікелей иеленуге жол берілмейді.

Нақты дәйексөздің нақты емес дәйексөзден (не точная цитата) қандай айырмашылығы бар?

Нақты дәйексөзде өзгенің мәтіні сөзбе-сөз беріледі. Мұндай дәйексөз тырнақшаға алынып жазылады, дәйексөзден кейін дәйексөз алынған жұмыстың беті көрсетіліп, сілтеме беріледі. Сілтеме тік жақшамен беріледі. Мысалы, «Академиялық жазылым дағдысын білу – бұл академиялық ортада табысты болудың негізі», – дейді Ресей ғалымы И.Б. Короткина [1, 20]. Сыни ойлау

психологиясын зерттеуші ғалым Д. Халперн: «Сыни ойлау – ойлаған нәтижеге жету үшін танымдық техникаларды пайдалану арқылы шығармашылықпен әрі қарай бағыттай ойлану» деген ой айтады [2, 15].

Ғылыми жұмыс авторы нақты емес дәйексөзді қолдана отырып, сілтеме жасалған жұмыстың мәтінін өз сөзімен береді. Мұндай дәйексөз тырнақшаға алынбайды, бірақ жұмысқа міндетті түрде сілтеме жасалады. Мысалы, Қазіргі кезде студенттің өз бетінше жұмыс істеуінің маңызы артты, себебі аудиториялық сағаттар көлемінің айтарлықтай деңгейде қысқаруы, осыған орай студенттің өзіндік жұмысына (СӨЖ) бөлінетін сағаттың көбеюі студенттің өз бетінше білім алуы мен өзін-өзі дамыту қабілетін, өз бетінше еркін сыни ойлау дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді [7, 89].

Дәйексөздерді ресімдеу

Кімге және қайда сілтеме жасау керектігін анықтадық, енді пайдаланылған әдебиетке сілтемені қалай ресімдеу керектігіне келейік. Алдымен, жұмыста кездесетін Ескерту деп аталатын белгілерге тоқталайық. Әңгіме сіздің түсіндіруіңізді талап ететін, мәтініңізге керекті қосымша ақпаратты қамтитын, негізгі мәтінге кіргізудің соншалықты қажеті жоқ, дегенмен жалпы жұмыс үшін маңызды мәтін фрагменттері туралы болып отыр.

Орналастыруға байланысты Ескертуді екіге бөлуге болады. Біріншісі – беттің төменгі жағына орналастырылатын жазбалар. Оқырман ескерту берілген ақпаратты ұмытып қалмай, бірден танысуы үшін ескертуді ресімдеудің осы түрі қолданылады.

Екіншісі – мәтіннен тыс, жұмыстың соңына, негізгі мәтіннен кейін орналастырылатын ескертулер. Егер ескертулер негізгі мәтіннің ішіне енгізбей-ақ беруге болатын жеке шағын зерттеулерді қамтыса, ресімдеудің осы түрін қолдануға болады. Мәтіннен тыс ескертулер – негізгі мәтінді жеңілдету үшін оның мазмұндау логикасын бұзбай қосымша ақпарат берудің кең таралған және ыңғайлы түрі.

Енді дереккөздерді көрсетуге келейік. Өзгелердің мәтіндерін дәйексөз ретінде келтіру немесе келтірмеу кезінде жиі кездесетін қателіктер мынадай:

  • дәйексөз алынған дереккөзге сілтеме жасамау;
  • дәйексөз алынған дереккөзді толық сипаттамау;
  • ұзақ дәйексөз келтіру;
  • дәйексөзді қате беру;
  • сілтеменің библиографияға сәйкес келмеуі.

Бірінші жағдай плагиат деп аталады.

Плагиат дегеніміз – өзге адамның идеялары мен сөздерін алып, өзінікі ретінде ұсыну; дереккөзге сілтеме жасамай, өзгенің идеясын пайдалану. Бұл авторлық құқықтар туралы заңнама талаптарына сай заң алдында жауаптылыққа тартуға әкелуі мүмкін. Плагиатпен айналысу құқықтық жауаптылықпен қоса кәсіби академиялық этиканың ережелерін бұзу болып саналады. Мұндай оқиғалар жиі кездеседі, Интернет жүйесінің дамуы да плагиат мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр, болашақта бұл жағдай өзгереді деп ойлаймыз. Академиялық көпшілік плагиат жасаумен айналысқан студент жұмысына қанағаттанарлықсыз баға қойылуы керек деп санайды, кейбір шетел оқу орындарында мұндай студентті оқудан шығару тәжірибесі де бар.

Екінші қателікке сіз өзгенің сөзін тырнақшаға алып, авторын көрсетіп, бірақ декереккөздің сипаттамасын анық бермеген немесе ондай мәліметті мүлде көрсетпеген жағдайда ұрынасыз. Сырт қарағанда, ешкімді алдап отырған жоқсыз, негізінде, тиісті талаптарды өрескел бұзып отырсыз.

Үшінші қателік те кең таралған. Сілтеме тиісті түрде ресімделген, бірақ келтірген дәйексөзіңіз тым көлемді, беттің жартысын алады, тіпті кейде бір бетке дейін кетеді. Мысалы, кейбір жұмыстарда «зерттеуші атап көрсеткендей, автордың ойынша» деп басталатын сөйлемнен кейін тырнақшаға алынған сол автордың бір бет мәтіні келтіріледі. Бұл дәйексөз келтіру нормасын бұзғандық болып саналады.

Төртінші қателік дәйексөзді дәл бермеумен байланысты. Дәйексөз соңғы үтір, нүктесіне дейін дәл берілуі тиіс. Егер автор сөзді курсивпен немесе қою әріптермен берсе, сіз де дәл солай қайталауыңыз қажет. Қазіргі грамматикалық немесе стилистикалық нормаларға сай келмейтін ескі материалдармен жұмыс жасасаңыз да, дереккөзді өзгертпей бергеніңіз жөн. Мәтінге сәл болса да өзгеріс кіргізсеңіз (сөз қосасыз, курсивпен жазасыз т.б.), бұл туралы жақша ішінде ескертуіңіз керек, мысалы, «(курсив біздікі)» деп жазу қабылданған.

Келесі қателік алдыңғылары сияқты өрескел болмағанымен, кең таралған қате. Барлық дәйексөзіңізге тиісті сілтемелер
келтірілген, алайда олар пайдаланылған әдебиет тізімінде көрсетілмеген немесе берілу реті сәйкес келмейді. Бұл кемшілікті дұрыстау оңай деп ойлаймыз.

Dar boramon admin

Инчунин кобед

belyiy-parohod-1

ДӘРЬЯ БОЙЫНДАҒЫ КЕШ

1 Қолында китабы, көзлери ойшаң, Көшеде асықпай барар Арыухан, Қызғыш биртартары от қусап лаулап, Желбирер …