11/11/2024
Home / Ilm / ЭССЕ ЖАЗУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

ЭССЕ ЖАЗУҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

Эссе дегеніміз (фр. тіл. essai – тәжірбие, лат.т. exagium – құрау) – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтанулық, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін. Жанр ретінде енгізген 1580 ж. Мишель

Монтень болатын, ал «эссе» сөзін бірінші рет қолданып, осы жанрда 1597 жылы Френсис Бэкон кітаптарын жазып шығарды.

Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде эссеге: «Эссе – бір нәрсенің әсерінен болатын толғаныстан туған шағын әдеби шығарма» деген анықтама берілген. fc.

Классикалық эссе – бұл еркін тақырыпқа жазылған, көркемдік қиялдан азат қысқа көлемді шығарма. Эссенің мақсаты – әртүрлі дәйектер мен дәлелдер келтіре отырып, берілген тақырыпты ашу. Онда нақты айғақтар беріліп, мысал келтіріледі.

Эссе екіге бөлінеді: 1) субъективті; негізгі мақсаты – авторды жан жақты ашу, таныту. 2) объективті; негізгі мақсаты – белгілі бір ғылыми тақырып бойынша автордың көзқарасын ашу, таныту.

Қолданылуына қарай: әдеби жанрда, білімді бақылау әдісі ретінде, батыс елдерінде ЖОО-ға түсуде талап етіледі. Жазылу көлемі: 500 сөз, 1-2 беттен кейде 20 бетке дейін.

Эссеге тақырыптардың шектеусіздігі, автордың өз тәжірибесіне негізделген жеке ұстанымның еркін мазмұндалуы тән. Мұнда стиль маңызды рөл ойнайды. Әртүрлі эссе байқауларында (оқуға пайдаланудың алдындағы сынақтарда, сондай-ақ өзіндік шығармашылық байқауларда) мәселен, 500 сөздің көлемінде эссе жазу тапсырылады.

Мінсіз эссе жазудың дайын ережесі жоқ және болмайды да, бірақ эссе жазу дағдыларын жүзеге асыруға көмектесетін ережелер мен нұсқаулар бар.

Ең алдымен, өзіңнің хабарлайтын, жазатын, ой толғайтын, талқылайтын нәрсең туралы анық білуің керек. Сондай-ақ, эссе жазуға итермелеген не нәрсе, эссені кім оқитынын түсіну өте маңызды. Оқырманның назарын өзіңе аудартатын, мүмкін болса қарсы жауап реакциясын тудыратындай өз ойыңды, сезіміңді, көңіл- күйіңді жеткізу үшін мәнерлі, мазмұнды, күшті сөздерді дұрыс таңдай білу керек. Эссе жазатын адам үшін ең маңызды қасиет – тілді еркін меңгеруі, басқалардың сезіміне әсер ететіндей дәл, анық бейнелі етіп сабақтастыра жаза білу.

Эссе жазу кезеңдері: Проблеманы анықтау – ойлану – жоспарлау – жазу – тексеру

Эссе жазу барысында қатаң сақталынуы тиіс ТАЛАПТАР:

  • Жеке көзқарастың көрінісі;
  • Деректі дәйектер (аргументтер);
  • Теориялық негіздеме;
  • Терминдерді қолдану;
  • Дәйексөздерді келтіру;
  • Әртүрлі көзқарастарды мысалға алу;
  • Логикалық заңдылықтың сақталынуы;
  • Салыстыру және қорытындылау әдістерін қолдану;
  • Сауаттылық (пунктуациялық, орфографиялық, стильдік).

Жиі кездесетін қателер:

  1. Проблема ашылмайды;
  2. Автордың жеке ұстанымы көрінбейді;
  3. Теориялық негіздемесі жоқ;
  4. Терминдерді орынсыз, сауатсыз қолдану;
  5. Тым қарапайым өмірдің мысалдары көп;
  6. Ауызекі сөздер, диалект, сленг, жаргон сөздер қолданылады;
  7. Келтірілген мысалдар автор ұстанымына қайшы;
  8. Қорытындылау, түйін шығару деген жоқ;
  9. Логиканың болмауы.

Эссе жазуға қалай дайындалу керек?

Эссе жазуға кіріспес бұрын, ең алдымен, мына сұрақтарға жауап беру керек сияқты: «Мен неге және не үшін жазып отырмын?», «Менің жұмысымды кім оқиды?», «Мен қандай идеяларды айтқым келеді?», «Маңызды ақпаратты мен қай жерден іздеп таба аламын?», «Мен оқырмандардан қандай пікірлер мен іс- әрекеттерді күтемін?»

Эссе жазудың нақты мақсаты қандай?

Ол:

  • белгілі мәселе бойынша өз пікірін айту және дәлелдеу;
  • сұрақ бойынша өзінің түсінігін, ойын айту;
  • оқырмандарды ақпараттандыру;
  • мәселені талқылау және шындықты табуға тырысу;
  • өзінің және оқырманның көңілін толтыру, рақатқа бөлеу;
  • көңіл-күйіңді білдіру және оқырман көңілін аудару, эмоция туғызу;
  • іс-әрекетке түрткі болу.

Мақсат нәтижеге жету құралдарын анықтайды. Автор нәтиже шығатындай жағдайға дейінгі көлемде жазуы тиіс. Адам өзінің алдына қойған мақсатын біліп, өзінің жазба еңбектерін осы тұрғыдан қарастырса, мәтін түсінікті және айқын болады.

Болашақ оқырмандардан құралған топтардың жалпы ерекшеліктерін, сондай-ақ олардың құндылығы мен эссенің тақырыбына деген өз көзқарастарын анықтауға тырысу керек.

Бұл тәсіл оқырмандарға ақпаратты қалай қызықты етіп беруге, оны түсінікті, нақты, дәлелді түрде қалай баяндауға және қойылған мақсатқа сәйкес оқырмандарға қалай ықпал жасауға болатынын анықтауға көмектеседі.

Қандай ақпаратты хабарлап, қандай идеяны айтқыңыз келетінін айқындай отырып, өзіңізге эссе тақырыбының маңыздылығына баса назар аударуға көмектесе аласыз.

Сіздің ойларыңыз, сезіміңіз, көзқарасыңыз және ұсыныстарыңыз аналогия, ассоциация, болжау, пікір, пайымдау, дәлел және т.б. түрінде берілуі мүмкін. Кейбір идеялар ерекше дәлелдемелерді қажет етпейді, ал кейбіреулері дәлелсіз және деректерсіз болады. Сондай-ақ тақырыпты зерттеу барысында автор өзінің хабарлауына енгізгісі келетін жаңа идеялар мен жаңа ойлар туындауы мүмкін. Эссе мазмұнын құрайтын автор ұстанымының негізіне автордың жеке әсері, толғанысы жатуы мүмкін бола тұра, эссе авторына (әсіресе, жаңа бастаған) қосымша ақпараттар артықтық етпейді.

Эссенің тақырыбы қажет материалды қайдан іздеуге көмектеседі. Бұл кітапхана, интернет ресурстары, сөздіктер, анықтамалықтар, қайта оқып шығуды қажет ететін бұрын оқылған кітаптар болуы мүмкін. Сондай-ақ жаныңдағы адамдардан алынған ақпараттар да қажет.

Келесі кезең – дайындық: ақпараттарды жинақтау, тезистерді құрастыру, жұмыстың құрылымын, баяндау тәсілін анықтау.

Ақпараттарды жинақтау көп уақытты алады: деректерді тексеру керек, өнімді идеялармен істеп жатқаныңызға көз жеткізуіңіз керек, бар материалдарды ретімен қойып, қайта саралап, қарап шығу керек. Кейбір мәліметтерді алып тастап, басқаларын кеңейтуге тура келеді, қандай жағдайда да не жинай алғаныңызды жүйелеп жазу керек.

Тезистер жұмыста ұсынылатын ақпараттарты жүйелеуге, идеялардың арасындағы сәйкестіктер мен сабақтастықты анықтауға көмектеседі. Эссе жазуда көздеген мақсатқа жетуге көмектесетін маңызды ақпараттың өзін таңдаудан бастаған дұрыс. Содан соң, онда басқа да маңыздырақ ақпараттар алынады.

Тезистерді мағыналы әңгімеге қалай айналдыруға болады?

Жүйелі ақпарат, идеяларды нақтылайтын деректер болып, автор оларды қандай реттілікпен ұсынатынын білсе, сонымен қатар өзінің хабарламасымен қандай нәтижеге жеткісі келетінін көре білсе, тезистерді ойды мағыналы баяндауға айналдыру қажет.

Көп жағдайда ауызша және жазбаша хабарламалар үш негізгі композициялық бөлімнен тұрады:                кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды.

Оқырманды қызықтыру үшін кіріспе бөлім жанды, нақты, күшті және мінсіз (өзіндік) болуы керек. Онда оқырманға үндеу, афоризм, жалпы ой, жеке тәжірибеге сілтеме, аналогия, ассоциация, тұжырым, сұрақ, жеңіл ескертпе т.б. болуы мүмкін. Кіріспе мен негізгі бөлім арасындағы қатынас сақталуы керек. Егер де эссенің жалпы көлемі 500 сөз болса, кіріспеге 50 сөз алу ұсынылады.

Негізгі бөлім тақырыптың бірізді баяндалуы болып табылады, жазылған мәселе бойынша ұсыныстар мен көзқарастарды бейнелі түрде жеткізеді, жазбаша хабарландырудың мақсаты мен бағытына сілтейтін ой желісін құрайды, дәлелдемелері мен сілтемелері бар, идеяны дәлелдемелер мен нақты мысалдар арқылы нақтылайды. Мұнда әртүрлі айқындау құралдары қолданылады.

Қорытынды бөлімде, әдеттегідей, қорытынды жасалады, жазылған мәселе мәні мен мазмұнын күшейтеді, автордың ойымен сәйкес келетін көңіл-күй мен сезімді анықтайды.

Ал баяндау тәсіліне келетін болсақ (дедуктивті-жалпыдан жекеге немесе индуктивті-керісінше), эссенің тақырыбын қандай тәсілмен ашқан жақсы және қалай баяндау керек екендігін автор ғана анықтай алады. Бұл арқылы жұмыстың шығармашылық, өзіндік сипаты анықталады.

Қайта қарап шығу дегеніміз – хабарламаны сапасы мен нәтижесі тұрғысынан мәтінді редакциялау: ойдың айқындылығы, түсініктілігі, яғни мағыналық байланыстылығы, бірізділігі, сауаттылығы және стильдің дұрыстығын айқындау, қайта қарау нәтижесінде екінші нұсқаның қажеттілігі туындайды. Екінші нұсқа бойынша жұмыс өте үлкен бөліктерден басталып, кішкентай бөліктерге дейін жалғасады: абзацтан сөйлемге дейін, сөйлемдерден сөзге дейін талданады, сараланады. Баяндаудың жатықтығына, ойдың логикалық сабақтастығына, байланысына назар аудару керек.

Түзету сатысында мәтін рәсімделіп, сауаттылығына, сөздердің байланысына, тыныс белгісіне, стилистикасына жете көңіл бөлінеді.

Мәтіннің шебер өңделуі соңына дейін жалғасады. Мәтінде «жағымсыз» сөздердің пайда болмауын бақылап отыру артықтық етпейді. Әсіресе, көп мағыналы сөздерді пайдалану барысында мұқият болу керек: мағыналық реңкті араластыру түсіндіруді қиындатады.

Сіз өзіңіздің эссеңіздің қандай нәтиже көрсететінін білгіңіз келе ме? Мұны тексерудің бірнеше жолы бар: мәтінді дауыстап оқу, өз жазғаныңызға оқырманның көзқарасымен қарауға тырысу,ең соңында, адамдардың пікірін білу.

Әр уақытта адам өзінің сөзімен құнды екенін естен шығармауы керек.

Эссенің негізгі түрлері мынадай:

  • Пікірталас (дискуссия) немесе талқылау

Эссенің мақсаты – қандай да бір мәселе бойынша екі түрлі көзқарасты талқылау. Эсседе осы көзқарастар бойынша ақпараттар мен пікірлерді ұсыну керек. Мәселені өзіңіз қолдайтын ұстаным тұрғысынан ұсынасыз (тезис келтіресіз). Аргумент ретінде жекелеген абзацтарда берілген, қолдайтын және қарсы келетін дәлелдерден құралған бірнеше тұжырым ұсынасыз. Бұдан кейін талқылауға қатысты ұсыныстар немесе түйін бересіз.

Әдетте, ауыспалы осы шақтағы етістік формалары, қарсы аргументтерді байланыстыратын сөздер (дегенмен, алайда, қалай болғанда да, айырмашылығы, басқа тұрғыдан) қолданылады. Сондай-ақ етістіктердің модаль формасы (салыстыру, зерттеу, қарастыру), көсемше формалары (қарастыра келіп, тұжырым жасай отырып), «әдетте, мүмкін, тән» сөздері қолданылуы мүмкін.

  • Қойылым (экспозиция) немесе біржақты аргумент

Эссенің мақсаты – мәселеге қатысты түрлі ұстанымның біреуі дұрыс екенін дәлелдеу, сендіру. Мәселені өзіңіз дәлелдейтін ұстаным тұрғысынан ұсынасыз (тезис). Әр дәлеліңіз үшін бір абзацтан арнап аргумент келтіресіз. Кейін дәлелденген ұстанымыңызды қайталап, ұсыныс бересіз.

Мәтіннің басым бөлігі ауыспалы осы шақта жазылады. Аргументтерді байланыстыратын «сондай-ақ», «сонымен бірге», «бұған қоса» т.б. оралымдар қолданылады.

  • Сыни талдау

Белгілі мәтін бойынша жазылады. Эссенің мақсаты – түпнұсқа мәтінде берілген идеяларды түсінгеніңізді көрсету. Мәтіннің басты мазмұндық бөліктері бойынша өз идеяларыңызды ұсыну арқылы эссе тақырыбының маңыздылығын көрсетесіз. Мәтіннің әрбір аспектісін – тақырыбы немесе маңыздылығын, құрылымын, мазмұндау стилін, бейнелік жүйесін жеке параграфта талдап көрсеткен дұрыс. Қорытындысында мәтіннің басты аспектілерін еске түсіресіз. Аргумент үшін мәтіннен дәйексөздер алуға болады. Байланыстырушы «сонымен», «қоса алғанда», «тағы бір мысалы», «оның үстіне» т.б. сияқты оралымдар қолданылады.

  • Салыстыру және қарсы қою

Бұл эссе түрі де мәтін бойынша жазылады. Эссенің мақсаты – екі мәтінді салыстыру және қарама-қарсы қою. Мәтіндер бойынша негізгі ұқсас және/немесе қарсы сипаттарды бересіз (тезис). Әрбір ұқсастыққа немесе айырмашылыққа бір параграфтан жазасыз. Қорытындысында жинақталған талдау мен тезисіңізді дәлелдеу жайында жазасыз. Ескерту: мәтін мазмұнын айтып беру қажет емес. Ұқсастығы немесе айырмашылығы неде екенін жазыңыз. Ұқсастықты немесе айырмашылықты көрсететін «қарағанда», «салыстырғанда», «сияқты» т.б. тілдік оралымдар қолданылады.

  • Шолу

Эссенің мақсаты – кітаптың, фильмнің, пьесаның, сайттың т.б. белгілі аудиторияға әсер етуі тұрғысынан жеке баға беру. Басты ерекшелігі – оқырманның назарын аударатын атау. Эссе атауы талданатын шығарма атауымен байланысты болуы мүмкін. Бір параграфта шығарманың маңызды деректерін – автор немесе қоюшының, актерлердің, баспагерлердің аты т.б. туралы жазылады. Кейін бірнеше параграфта мәтін мазмұны, басты оқиғалар, кейіпкерлер таныстырылады. Қорытынды бір немесе екі абзацта осы шығарма туралы өз пікіріңізді жазыңыз.

Dar boramon admin

Инчунин кобед

belyiy-parohod-1

ДӘРЬЯ БОЙЫНДАҒЫ КЕШ

1 Қолында китабы, көзлери ойшаң, Көшеде асықпай барар Арыухан, Қызғыш биртартары от қусап лаулап, Желбирер …