Конспект (латын тілінен «conspectus», мағынасы – «шолу жасау») – дереккөзден алынған ақпарат қысқаша мазмұндалған // тақырыбы ашылған жазбаша мәтін.
Конспектілеу дегеніміз – түпнұсқадан алынған мәліметтерді рет-ретімен беру. Конспектілеудің негізінде оқығанды немесе естігенді жүйелеу жатыр. Конспект жазу мәнері алғашқы дереккөздің стиліне ұқсас жазылады.
Егер конспект дұрыс құрылса, ол жазылған ақпараттың логикалық және мағыналық байланысын жоғалтпайды. Оны арада біршама уақыт өтсе де, пайдалануға болады, сонымен қатар сауатты құрылған мәліметтерді оқу қиындық тудырмайтындықтан, жазылған конспектіні басқа біреудің қолдануына да болады. «Ақылды» конспект кез келген қиын ақпаратты қабылдауға көмектеседі.
Жақсы жасалған жазбалардан әртүрлі сөздің мағыналарын есте сақтау үшін анық бөлінген әрі оларға түсінік берген арнайы терминологияны оңай табуға болады. Конспектіленген мәліметтерді пайдалана отырып, маңызды шығармашылық немесе ғылыми жұмыстарды, әртүрлі рефераттар мен мақалаларды жеңіл жазуға болады.
Конспектінің маңызы
Конспект адамның ақпаратты қысқа мерзімді жадынан өте ұзақ уақыт сақталатын ұзақ мерзімді жадына ауыстыру үшін керек. Біз білім алу үшін оқимыз ғой… Алған білімнің жадымызда ұзақ уақыт сақталуы үшін оны пайымдап қорыта білуіміз қажет. Міне, конспект осыған көмектеседі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, конспект – тақырыпты қысқаша мазмұндау. Тақырыпты қысқаша берудің жолын конспектіден көре аламыз, себебі конспектіде тек негізгі ақпарат қана беріледі.
Конспект көлемі жағынан түпнұсқа мәтіннен екі есе аз болуы керек деп есептеледі.
Конспектілеу көмегімен емтиханға дайындалу жеңіл болады. Егер сіздің өзіңізге конспект жазуға тура келсе, сіз материалдармен мұқият жұмыс істейсіз, яғни ақпаратты қорыта отырып, басты ақпараттан қосымша ақпаратты бөлуді үйренесіз. Сонда конспектілеу дегеніміз қандай да бір бақылау жұмыстарына немесе емтиханға дайындалу болып табылады екен. Материалды конспектілегеннен кейін ол сіздің есіңізде ұзақ уақыт сақталады.
Конспект бойынша материалды қайталау – өте оңай. Тақырыпты есімізге түсірудің ең оңтайлы жолы – ол конспектіні оқу, себебі онда тақырып бойынша негізгі терминдер, тірек сөздер, ең басты қағидалар, ережелер мен нормалар жазылады. Егер сіз конспектіні өзіңіз жазсаңыз (дәрісте ұйықтап отырғандықтан немесе сабаққа келмегендіктен, топтағы студенттен көшіріп алмай), қайталау жеңіл, конспектіні оқи отырып, осы тақырыпқа байланысты оқытушының дәрісін еске түсіресіз. Егер сіз семинарға немесе емтиханға өзіңіз жазған конспект бойынша дайындалсаңыз, ақпарат оңай қорытылады. Мұндай жағдайда сіз өзіңіз жұмыс істеген материалдарды да еске түсіресіз.
Конспектінің түрлері
Конспект-жоспар. Тақырыпты ашуға қажетті басты мәселелер санамаланатын жоспар негізінде жасалады. Қағазда бұлайша мазмұндау түрі материалдың алдын ала құрылған жоспарының негізінде жасалады, белгілі бір тармақтар (тақырыптарымен бірге) және тармақшалардан тұрады. Әр тақырып конспектілеу барысында ашылады, қысқа мәтінмен толықтырылады, соңында дұрыс құрылған конспект-жоспар шығады. Осындай нұсқадағы конспект түрі көпшілік алдына немесе семинарға шығу үшін тез арада дайындалуға көмектеседі. Әрине, жоспар жүйелі жасалса (оның тармақтары барынша мазмұнды болуы керек), сіздің баяндамаңыз да мазмұнды әрі толық болып шығады. Мамандар жоспар түріндегі конспектіні сіздің қолданған барлық дереккөздеріңіз көрсетілетін белгілермен толықтыруды ұсынады, өйткені уақыт өте келе оларды еске түсіру қиынға соғады.
Сызба түріндегі жоспарлы конспект. Мұндай жоспардың тармақтары сұрақтар түрінде, ал ақпарат қысқа жауап түрінде беріледі. Бұл конспектінің ерекшелігі мынада: жоспардың барлық тармағы жауабын жазуға тура келетін сұраулы сөйлемдер түрінде беріледі. Материалды оқи отырып, сіз әр тармақтағы сұрақ бойынша қысқаша белгілер (2-3 сөйлем) қоясыз. Мұндай конспектіде барлық мәліметтердің құрылымы мен ішкі байланыстары жазылады және бұл өз кезегінде ақпаратты жақсы меңгеруге мүмкіндік береді.
Мәтіндік конспект. Мұндай конспект мәтіннің үзінділері мен дереккөзден алынған дәйексөздер (цитата) негізінде жасалады. Бұлайша баяндау тәсілі басқа конспект түрлерінен толыққандылығымен ерекшеленеді, себебі ол түпнұсқадан алынған үзінділерден және дәйексөздерден тұрады. Мәтіндік конспектіде жоспарды біріктіруге немесе оны түрлі тезистермен және терминдермен толықтыруға болады. Мәтіндік конспект авторлардың дәйексөздері әрдайым маңызды болып табылатын ғылымды немесе әдебиетті игергісі келетіндерге жақсы көмектеседі. Алайда мұндай конспектіні жазу оңай емес. Ол үшін аса маңызды дәйексөздерді материал туралы мағлұмат беретіндей етіп бөліп жаза білу керек.
Тақырыптық конспект. Ақпаратты бұлайша жазу тәсілінің басқа конспект түрлерінен айтарлықтай айырмашылығы бар. Оның мәнісі қандай да бір мәселені жазғанда бір ғана дереккөз емес, бірнеше дереккөз қолданылатындығында болып отыр. Конспект тақырыпты ашатын болғандықтан, бірнеше дереккөз негізінде құрылады. Мұндай конспектіні жасау біраз еңбектенуді талап етеді. Тақырыптық конспект берілген тақырыпты талдауға, қойылған мәселені ашуға және сол мәселені жан-жақты оқуға басқаларынан гөрі жақсы көмектеседі. Дегенмен толыққанды конспект жазу үшін қаншама әдебиет қарауға тура келетініне дайын болыңыз, тек сонда ғана сіздің баяндауыңыз тыңдаушының құлағына жетеді.
Еркін конспект. Мұнда конспектінің бірнеше түрі аралас болады. Еркін конспект материалдармен жұмыс істеудің бірден бірнеше тәсілін пайдаланатындарға арналған. Онда үзінділер, дәйексөздер, жоспар, көптеген тезис түрлері жазылуы мүмкін. Сіздің өз ойыңызды қысқа әрі нұсқа бере білу, жоспармен, автордың дәйексөздерімен жұмыс істеу дағдыларыңыз қажет болады. Ақпараттарды осылайша жазу жан-жақты әрі толық қамтылған мәлімет беру деп есептеледі.
Конспектілеу техникасы
Материалды аяғына дейін оқып шығу қажет, мәтіннің ерекшеліктерін, оның сипатын, таныс емес терминдерді бөліп көрсету керек. Мәтінді тағы бір рет оқып шығып, мұқият талдау жасау қажет. Материалмен осылайша жұмыс істеу басты мәселеден қосымша ақпаратты ажырата білуге, оларды рет-ретімен жазуға үйретеді.
Мәтіннің негізгі ойын бөліп көрсету тезис деп аталады. Оны дәйексөздермен (егер автордың ойын беру қажет болған жағдайда) немесе өзіңіздің жеке тәсіліңізбен жазуға болады.
Тез конспектілеуге (осылайша оқытушының айтқанына үлгеруге болады) мына тәсілдер көмектеседі:
- қарастырылатын басты мәселені бөле білу;
- ақпаратты сызба, кесте, тезис түрінде бере білу;
- қысқартулар жүйесі;
- «өрнектеп» жазудан бас тарту (мысалы, «каллиграфиялық» жазудан).
Конспектілеу алгоритмі
- Материалға көз жүгірте қарап, онда не жазылғандығын түсіну. Мысалы, кейбір оқулықтарда материалдың жоспары мен негізгі терминдері бар глоссарий, сызба т.б. болады. Бұл сіздің міндетіңізді айтарлықтай жеңілдетеді.
- Негізгі мәселеден қосымша мәселені ажырата отырып, мәтінді оқу және оған талдау жасай алу керек. Ақпарат белгілі бір тәртіпте орналасқан бөліктерге бөлінеді.
- Мәтінде (тезисте) жазылған негізгі ойды бөле білу.
- Конспектілеу техникасын ескере отырып, конспектілеуді бастау.
Материалды конспектілеу кезінде төмендегідей негізгі ережелерді есте ұстаған жөн:
Конспектіде міндетті түрде жекелеген бөліктері бөлініп көрсетіледі. Тақырыптарды, тақырыпшаларды, тұжырымдарды бөлу қажет, бір тақырыптан екінші тақырыпты жеке қою қажет. Бөлуді басқа түспен сызу арқылы көрсетуге болады (тек мәтінді алабажақ суретке айналдыруға болмайды).
Абзацтар мен жоспардың тармақтарын, бір ойдан екінші ойды бөлу үшін бос орын қалдыру, нөмірлеуді белгілеу үшін шегіністер (отступ) жасау ұсынылады. Егер мәтіндегі анықтамаларды, формулаларды, ережелер мен заңдарды ерекшелеп көрсету үшін оларды қоршап қоюға болады.
Жазбаларды қабылданған шартты таңбаларды қолдану арқылы жүргізуге болады. Материалды конспектілеп отырып, әртүрлі таңбаларды, қысқартуларды қолдану міндетті түрде қажет. Мұндай таңбалар көрсетуші немесе бағыттаушы белгілер, сұрақ белгісі мен леп белгісі, PS (постскриптум, кейін жазылатын сөздер немесе мәтін) белгісі және NB (назар аударыңыз) белгісі болуы мүмкін. Мысалы, «демек, сондықтан» сөздерін => математикалық таңбасымен белгілей аласыз. Өзіңіздің жеке таңбалық қорыңыз қалыптасқан кезде материалды конспектілеу тіпті оңайға түседі, кейін оны оқу тез әрі жеңіл болады.
Алайда сөздерді жазғанда қысқарта беру кейін оны оқыған кезде сізге қиындық келтірмеуі тиіс екенін есіңізден шығармаңыз. Не жазғаныңызды түсінбей, таңбалардың мағынасын ашуға уақыт жоғалтпас үшін қалыптасқан қысқартуларды қолданыңыз. Дұрысы, жеке өзіңіздің қысқартулар жүйесін әзірлеңіз және ол қысқартуларды барлық жазбаларыңызда сол сөздерге қатысты бірдей қолданыңыз. ^Мысалы, үлкен әріппен «М» таңбасымен «мақала» сөзін, «Ж» әрпімен «жұмыс» сөзін барлық конспектілеріңізде белгілеңіз.
Конспектілеген кезде хабарлы сөйлемді қолданған дұрыс. Өз бетінше сұрақ қоюдан аулақ болған жөн. Сұрақтарды дәптердің (қағаздың) шетіне жазған абзал. Материалды сөзбе-сөз көшіруге тырыспаңыз.
Материалды дұрыс конспектілеудің барлық қыр-сырын үйренгеннен кейін сабақта жеңіл әрі нәтижелі еңбектенуді үйренуге болады, бірақ оны ерекше ынтамен істеуге ұмтылу қажет.
Конспект жазу үлгісі
Түпнұсқа мәтін