11/11/2024
Home / Jamiyat / Пешене – хикаят (қазақ тілінде)

Пешене – хикаят (қазақ тілінде)

Ештеңе өзгермепті…

Сезімі де, санасы да – бұлыңғыр әлем.

Жүрегінің сырқаты Танакөзді дәрменсіз халге мәжбүр еткенде, күйеуінің аяныш-мүсіркеуі мүләйімнің алдамшы кейпі ғана болыпты. Емелбек одан сол алыстаған күйі алыстап бара жатыр.

Жоқ, бәлкім, оның өзі алыстап кеткен болар одан?! Оған деген оты семген өгей сезімнің жүрек түкпірінде қашаннан бері ұялағаны өзіне ғана аян ақиқат қой, несіне көлгірсимін бейкүнә болып. Сондықтан да болар, жан дүниесі күйініштен де, өкініштен енді біржола ада. Күйінбей, өкінбей өмір кешудің томаға-тұйық халіне мойынсұнғанына ғана іштей налиды.

Жанына

Жанына дәрмен етері – қыздары мен жалғыз ұлы Сәулетжан еді, күн артына күн салып есейген сайын олардың да өз қызықтары өздерінде болады екен. Есейіп қалған балаларының да өз өмірлері бар екеніне ол пәлендей байып бермепті…

Үлкен қызы Мәнсияның бүгін кешкі шәйдан соң ас үйде екеуден-екеу оңаша қалғанда:

  • Апатай, қателесіппін, мен енді Абзалмен дос емеспін, ол мені алдап жүріпті, білесің бе?.. – деп, тосын бір сырын айтты. Жасымай, жабырқамай айтты. Үнінде жасық сезімнің наласы емес, қыстыққан ызаның өрекпуі бар.

Өмірінде алғаш рет ғашық болудың ғажайып сезімін бастан кешірген қызының сондағы бал-бұл жанған жүзін, асығып, аптыққан шексіз тәтті әсерлі шағын әлі ұмытқан жоқ еді. Енді, міне… сол ханзададай тамаша жігіті қалай алдапты, неге алдапты? Сұрауға дәті жетпеді.

Дәті жетсе де, сұрамас еді. Алданғанын білсе, өмірдің сабағын түйсінгені, ойланғаны болар деп түйді.

Оның бар айтқаны:

  • Қателеспеу үшін де, қателесіп көруің керек болған шығар. Қызыл- жасыл нұрға шомып, бір ғана сезімнің әлдиімен өмір сүрудің мүмкін еместігін қазірден-ақ түсінуге тиіссің сен, қызым! Қазірден-ақ…
  • Неге қазірден-ақ дейсіз? Ал содан соң ше?..

Балалық ұяң аңғалдықпен айтылса да, қызының мына сөзі маңдайына оқыстан тарс еткізіп ұрып жібергендей эсер етті.

Содан соң да түсінетін боласың. Өмірдің өзі түсіндіреді…

Солай деуін десе де, ойы іркіліп, тілін тістеп қалды. Өз аузымен айтылған бұлжымастай осы ақиқатты өзінің түсініп, түйсініп болғаны рас па?! Рас болса, неге өмірдің сансыз сұрағы анталап алдынан шыға береді. Неге ойланады? Неге үміттенеді? Неге алданады? Сұрағы көп, жауабы жоқ өміріне неге налиды?..

Емелбектің кім екеніне, қандай екеніне сол кезде-ақ, екеуінің дэл осылай Мэнсия мен Абзалдай достасып жүрген шақтарында көзі жеткенде, эйелдік тағдыры басқаша болар ма деп ойланды ол. Басқаша болар еді-ау, ол өмір бойы аялап өтетін, шексіз бақытқа кенелтетін басқа бір жанға шынайы ғашық жар болар еді-ау деп тэтті қиялға шомды.

Бір ой, бір қиялға беріліп, өзімен-өзі оңаша қалған сэтте Танакөз терең күрсініп қойды. Бейуақтағы бұл күрсіністің өзекті өртегендей өксігін ол ішіне құмықтырды.

Құдайым-ау, бұл нендей беймаза хал, жанын жабырқатып, көңілін мұңмен құлазыта беретін? Мұңын шағатын бір пенде табылсашы. Әлсіз жүрегін қамаған ой кешуден серпілтер бір құдірет-күш болса, соны іздеп, соның жолында қалған ғұмырын сарп етер еді-ау…

Осылай қамыққан сағаттарында Танакөздің сезім элеміне өзі барынша ұмытуға бекінген Лебіз оралады. Күлімсіреген, мұның ішкі сырын тілсіз ұғынып, ойлы көздерінің жып-жылы нұрымен Танакөзді аймалаған сол Лебіз…

Кейде түн ортасында ұйқысы қашып, Лебізбен соңғы кездескен сол бір жалғыз сэтті көз алдынан өшіре алмай, тэн-жанымен езіле елжіреп, тыншу таба алмайды. Жылуы қашқан төсегінде Танакөз олай аунақшыды, бұлай аунақшыды, ақыры таңның ілкім бозамық жарығы терезеден сығалағанша кірпігі бір мұрсат айқаспай қойды.

Емелбек жол бойында жүк тасумен кәсіп қыла бастаған кездерінен бері бір төсекте жатып, екеуінің бір жастықта бастары түйіскен мезеттері сиреген, енді сол тіршілігін тастап үйге оралғалы ол төсегін Танакөзден мүлдем бөлектеп алған, телевизор тұрған төргі бөлмеде жападан-жалғыз жатады. Ара-кідік қана арақтың буымен қызынып, мұның қасына келіп, аймалағансып, еркектігін көрсеткісі келетін сәттерде ол іші-бауыры қалтырай жиырылып, өн-бойын бір сұп-суық түршігіс бүрістіреді. Бірақ тіленсі жоқ жақындасуға амалсыз көнеді, өйтпеске шарасы да жоқ еді.

Ерлі-зайыпты өмірдің қызуы да, қызығы да жоқ күндерін бастан кешудің қаншалықты азап екенін білсе де, осылайша іштей томырылуға, өз мұңын өзегінде өлтіруге мәжбүр. Өрімдей боп өсіп келе жатқан балаларының көз алдында екеуінің оларға әке мен шеше болып өмір сүрулері қажет. Солай, басқаша болуы мүмкін емес.

Мүмкін емес…

Бір ғана ақиқат – осы, өзгенің бәріне Танакөз қаншама иланғысы келсе де, илана алмай, іркілуге мәжбүр.

Ерлі-зайыптылық өмірлері – сырт көзге ғана, әйтпесе ондай өмір Танакөздің жүрегінде әлдеқашан солып тынған.

Жүрегіндегі солып тынған сол өмірді енді қанша әрекеттенсе де тірілте алмайтынына Танакөздің көзі әлдеқашан жеткен болатын. Ал басқаны ойлап өмір сүруді Емелбекке емес, балаларына жасалатын қиянаттай көріп қиналады. Қиналғанда дәрмен етері, тірек болары өзінің ерік-жігері ғана еді, ол да там-тұмдап таусылудың шақ алдында тұрған тәрізді.

Танакөз өзінің жан-дүниесінің мұншама өзгерісін бойына сиқырмен енген қияли дерт пе екен деп те уайымдайды. Дерт болса, емі бар ма екен мұның? Кім біледі оның емін, кім қолын созады өз мұңыммен ебіл-себіл болған мен сияқты соры арылмағанға деп налиды. Осылай налып жүріп, бір  күні орталық базардың шыға берісінде орамал жайып құмалақ салып
отырған томашадай, кимешекті кемпірге әдейілеп бұрылды.

  • Шырағым, қызым, сенің мына құмалағың… – деп, Танакөздің сауалды, ойлы жүзіне көз қиығын тастаған құмалақшы кемпір бір тосылып алды да, еті қашқан тарамыс саусақтарының ұшымен шаршы болып түскен құмалақтарының әуелі маңдай бетінде бір қатарда жатқандарын, содан соң дәл ортасындағы тақ санды үшеуін бір-бір жымып- жымып қойды. – Тілегің балаларыңның үстінде екен, құдай тілегіңді оң қылады. Құмалағың сөйлеп- ақ тұр ғой, міне, өзі айтып тұр, мен емес… Әйтсе де көңілің әлденеге аптығады, күйеуіңмен екеуіңнің жастанып жүрген жастығың бірде былай, бірді олай – екі бөлек түсіп тұр, бірақ өзіңнің қасыңда, ұзағысы келсе де – ұзамас түптің түбінде. Құмалағыңның сөзі неге бұлайша айтылып тұрғаны өзіңе ғана аян болар, шырағым. Әйтеуір бәрі түгел, жетпей тұрғаныңды жолыңнан жолықтырсаң қайтпексің, айналып өтсең де, айналып өтпесең де – ол да өз еркіңдегі ғана жаманшылығы жоқ іс болмақ, бірақ алдың – айдынды, ашық, басқа не айтайын?! Адам баласына қиянатың жоқ, қанағатың бар адам екенсің дейді мына құмалағың. Ия, шырағым, солай, алдыңнан жарылқасын, дидарлы жан екенсің өзің де бір. Тәнің де, жаның да дерттен ада, қорқып келіпсің – қорықпа дейді мына құмалағың…

Кемпірдің алдында бес жүз теңгелік көк қағаз ақшаны тастап, жанарына лықсып келіп қалған жасты көрсеткісі келмей, тез бұрылып жүре берді.

Құмалақшы кемпір құдды бір мұның бар өмірін алақанына сызып алып, соған қарап айтып отырғандай болды. Пейілі ізгі, ниеті түзу адам болғасын да осындай көріпкелдік қасиет бойына қонған болар, сірә, жарықтықтың.

Бұл – бейсенбіден жұмаға ауған күн болатын, кешке салым үйге келе салып, түсте ашытып кеткен қамырынан жеті шелпек пісіріп, иіс шығарды. Қашандағы дағдысындай, тым-тырс тынып тамағын ішіп болғасын Емелбек өз бөлмесіне кетті. Содан кейін аядай асүйде, кешкі шәйдің жиналмаған дастарқанының басында, балаларының ортасында отырып, солардың күні бойғы өзіне сақтаған оны-мұны әңгімелерін кезек-кезек тыңдады. Өмірінің ең уайымсыз, ең алаңсыз мезеттері – олардың өзіне еркелеп сөйлеп отырған осындай шақтары, мұндайда Танакөзден бақытты жан жоқ бұл фәниде.

Дәліздегі үстелшенің үстінде тұрған телефонның шырылы олардың әңгімесін кілт үзді.

  • Бұл – маған! – деп, Мәнсия орнынан ұша жөнелетіндей атып тұрып, телефонға қарай жүгірді.
  • Түсінікті!.. – деп қуақылана жымиды Сәулетжан.
  • Саған не түсінікті бола қалды? – деп ортаншы қызы Дәрия оны шекесінен нұқып қалды. – Көрдің бе өзінің тықылдауын!..

Сәулетжан оны мазақ етіп, мұрнын тыржитып, тілін шығарды.

  • Қоя қойыңдар енді, болды! – Танакөз олардың бір-бірін іліп-тартқан ойнақы қылықтарына зілсіз ғана тоқтатқандай ишара жасағансыды да, балаларының сөздерін қазбаламады.

Соңғы күндері телефонның құлағынан түспей, әлдекіммен ұзақ-ұзақ оңаша, бірде сыбырласып, бірде күлімдей сөйлесіп жүрген қызының көңіл- күйі тым өзгеше,тағы да жаңа бір ынтық сезімнің аясында жүргендей сыңайы бар сияқты оның…

Қызының бұл өзгерісіне Танакөз пәлендей таңданған жоқ. Бұла шақтың осындай әсіре ынтық сезімдеріне бөленулер өзі де басынан талай кешкен, уақытша ғана, сағымдай болып із-түссіз өте шығатын арманшыл, қияли шақтар ғой. Бірақ… бірақ ол да бір өмірдің көгілдір нұрға шомған, қаяусыз, мөлдіреген сәттері еді ғой, ондай шақтарды қалайша ұмытуға болады…

… Оған әнебір балғын шақта, мектептен түлеп ұшқан алғашқы жылы, аудан орталығында механизаторлар даярлайтын училищеде оқып жүрген Жұбаныш деген жап-жас, балғын, момындау жігіт ғашық болған еді-ау. Екеуінің достық ғұмыры ұзақ болмаса да, Танакөз де осы Мәнсияшындай болып ып-ыстық сезімнің елжіреген сәттеріне бауралған еді-ау. Өзіне ынтыға қараған момын бозбала жігітті үнсіз аялап, алып-ұшқан жүрегі нәп-нәзік дірілмен лүпілдей соғатын. Сол ыстық мезеттердің ғұмыры қас-қағымдай-ақ болады деп кім ойлаған?! Сол балғын да күнәсіз ынтық сәттерді тәрк еткен өзі де ғой, момын бозбаланың еш кінәсі жоқ болатын. Әсершіл де өзгермелі сезімнің әуейі ме, әйтеуір әлгі бозбалаға қарағанда бірер жас үлкендігі бар Емелбек ортадан килігіп Танакөзді бірден үйіріп әкетті. Шын махаббатыма енді кезіктім деп жүрегі кеудесіне симаған ол өзгеше бір ғажайып әлемнің ішіне еніп жүре берген еді-ау сонда.

Өзіне өлердей ғашық ұяң жігіт екеуінің махаббаты дүниедегі ең кіршіксіз, ең мәңгілік махаббат деген жалғыз сенімге иланып, өмірде опасыздықтың болатынынан мүлдем бейхабар болатын. Оның бейкүнә, мөлдіреген сезімін аялай алмағандығына сол бір күндері, ата-анасының рұқсатын да алмай, Емелбекпен қол ұстасып кете барғанда титімдей өкінбегені де, қатігез болса да, шындық. Қазір енді ойлап қараса, құдайым-ау, титімдей де кіршігі жоқ сол тұп-тұнық алғашқы махаббатты дал болған сорлы басы кімге, неге айырбастады десейші?! Кімге?.. Неге?..

Мұны нұрлы да жайдары көктемнің мерекесімен құттықтау үшін оқуынан бір күнге сұранып, құшағын гүлге толтырып, үйіне іздеп келген ол Танакөздің опасыздығынан өзінің тұнық сезімінің оқыстан күйрейтінін білмеген еді. Жан-дүниесі мөлдіреген жігіттің Танакөзді үйге іздеп келіп, өксіп жылағанын айтқан анасы: «ебіл-себіл болып егіліп жылаған байғұс балаға қосылып мен де жыладым» деп еді-ау сонда. Анасы байғұс мұны неге айтты екен деп ойланады енді. Балғын жігіттің қимас өксігінен «сен неге менен алыстағың келді, мен сені өмір бойы аялап өтер едім ғой, мен өзімнің саған мәңгілік берілген дос болатынымды, сен менің сүйіктім болатыныңды махаббатыммен дәлелдер едім ғой. Сен мені жуастығым үшін, өзіңнің алдыңдағы шексіз ұяңдығым үшін менсінбедің-ау деген ой жан-дүниемді күйзелтіп кетсе де, өзіңнен үмітімді үзгім келмейді, жаным» деп, қызына арнап айтқан мұңлы сырды естігендей болған шығар-ау анасы, сірә…

Танакөз «қош-қош» деп алыста қалған сол күндерді ой-жадына оралтып, терең күрсініп қойды.

Қасына келіп арқасынан құшақтап жатқан Сәулетжан мұның күрсінгенін естіп:

  • Апа, неге көңілсіз жатырсыз? – деп сұрады мұңайған үнмен. – Жүрегіңіз ауырмай ма?..

Арқасынан осылай құшақтап жатып ұйықтап қалатын Сәулетжанның ояу екенін білгенде барып, көзінің жасқа шыланып жатқанын аңғарды. Білегімен көз жасын тез-тез сүрткен Танакөз, ұлына қарай бұрылып жатып, оны құшағына алды.

  • Көкешім, менің, – деп маңдайынан иіскеді. – Жүрегім ауырған жоқ, жәй әншейін ойланып жатқаным ғой…
  • Ылғи да ойлана бересіз ғой, апатай. Сізге «Ана тілінен» жаттауымды айтқанымда да ойланып отырдыңыз. Не туралы ойланасыз сонда?..

Көзі жәудіреп, өзінен жауап күткен Сәулетжанға абыржи қарап, қапелімде айтарға сөз таппады.

  • Не туралы дейсің бе?!. Сенің «Ана тілінен» үйге берілген тапсырманы жақсы орындағаныңды мұқият ойланып тыңдадым. Адамдар дәйім бір-бірін ойланып тыңдауы керек, балам… Ойланып тыңдауы керек…

Сәулетжан қос қолымен оның мойнынан айқара құшақтап, жып-жылы, ұяң демін шарпып, балғын еріндерін жыбырлата бетінен сүйіп-сүйіп алды.

Ұлының сезімтал көңіліне ұялаған әлгіндей сауалға жалтара жауап берген Танакөз, өзінің бүкіл ішкі жан-дүниелік құбылысындағы қалт еткен өзгеріс-толқыныстарды балалары аңғарып жүреді деп бұрын-соңды ойламапты. Деміл-деміл өз ойының азабына түсіп жүретін мұның оңаша қиналысы бұларды да ойландырады екен…

… Емелбек екеуінің арасы суығалы балалары әкесінен аулақтап кетпесе екен дегенді Танакөз көп уайым етеді. Қандай жағдай болғанда да әкеге деген кешірім олардың жүрегінен өшпеуі тиіс. Ол өшкен кезде үй-ішінің онсыз да әзер-әзер қалтұлдап тұрған берекесінің күл-паршасы шығары анық. Танакөз осыны ойлағанда жан әлемінің арпалысына түсіп тағы да пайыз таба алмай, іштей сансырайды. Сол үшін де өз үйінен бөтенсіреп кеткен күйеуінің кейпетіне де, дәрменсіздігіне де кешіріммен қарағысы келуге өзін-өзі күштейді. Күштейді де, содан соң амалы таусылып, күйрейді.

Құмалақшыға сенсе, алдында жатқан жолы – айдынды та тегіс, ойлағаны орнында болмақ екен, пешенесіне жазылған әйелдік тағдырына бұдан былайда ырза болмасқа шарасы жоқ екен. Ырза болса, Лебізбен кездеспеуге бекінгені бекер де емес пе екен осы?

Танакөз Лебіз туралы құпия ойларға тағы амалсыз берілуге мәжбүр болды. Тағы да осыған мәжбүрлеген сезім құдіретіне оның қарсы қояр ешбір амалы жоқ екен, бұған көзі анық жетті.

Қайткенменде кездесулері керек. Өзінің әрі-сәрі халін оған бүкпесіз айтып, жүрегіндегі зілден арылуы тиіс. Тіпті зілден біржола арылмаса да, оның өмірден көпті пайымдаған зердесінен өзіне дәрмен етер көмек сөзді еститініне сенді. Лебіздің онымен бір түндік ләззат үшін ғана кездеспегенін сонда білген, сол кешті қимастықпен ұмыта алмай жүргені де сол үшін болар, бәлкім. Оның сол күнгі жан толқынысының әр селт еткен құбылысын соншама сезімталдықпен таныған Лебіз Танакөздің екінші рет те, бұдан былай да өзімен кездеспеуге бекінетінін сезіп білгендей еді. Сезіп біліп тұра, оның алып-ұшып ынтыққан бір сәттік әлсіздігін басқаша жорымады, әйелдік болмысының күйзелген халіне араша тілеген ынтық тілегін жанымен де, тәнімен де түйсіне білді. Енді қазір, арада жылға жуық уақыт өткен кезде Танакөз онымен бір жүздесуге, жан қиналысына одан дәрмен табуға ділгір болды.

Бұлай да болады екен ғой өмірде, сол күнгі кездесудің өн бойында Лебіз одан ешбір дерек сұрамапты-ау. Танакөз де одан ештеңе сұраған жоқ, оның жеке өмірі – әйелі кім, бала-шағасы бар ма, жоқ па, ол екеуінің сол кездесіп, табысуы үшін мұның бәрінің соншалықты қажеті де, пәлендей мәні де болмағаны рас еді. Енді қайткенменде онымен кездесуі керек, өзінің Лебіздің жүрегінде қалғандығына оның ешбір күмәні жоқ.

Танакөз мұндай байламға келуін келсе де, әрі-сәрі күйден арыла алмай біраз күн өз-өзімен ой арпалысында жүрді. Жұмыс арасындағы бір қалтарыстарда әлденеше мәрте Лебіздің визиткасын қолына алып, қолын
телефонға соза түсіп, өзін-өзі еріксіз тежей берген.

Оның сол күні түнде, үйдің жанына келіп тұрып, қоштасарда айтқан жалғыз ауыз сөзі құлағының түбінен естіліп тұрғандай: « … ендігі кездесу- кездеспеуіміз екеуміздің де еркімізде емес шығар… Сенен бір ғана өтініп сұрарым, осы оңаша кешімізді ар алдындағы адалдықтан аттаған әрекетке санай көрме».

Сонда кімнің, ненің еркінде екен, құдайым-ау. Менің де еркім өзімде емес, әлдебір сиқырлы диуана күштің қолында тұрғаны ма?.. Ес-ақылы дағдарғандай, бұл нендей елегізу өн-бойын, жан-жүйкесін жаулап алған?..

Жанын жегідей жеген ой арпалысынан құтылудың жалғыз-ақ жолы – әйелдік намысын жиып қойып, Лебізге бару. Одан арғысы кімнің еркінде болса да – көнеді. Көнуге тиіс, басқа қайраны жоқ.

Кешке жұмыстан қайтар жолдың үстінде Лебізбен кездесу туралы ойдың жетегінде отырған Танакөз өзінің аялдамасынан өтіп кеткенін білмей қалды. Бір аялдамадай жерден кейін қарай оралуына тура келді. Бағдаршамның жасыл жарығы жанып, көше қиылысынан өте бергені сол еді, әлдекімнің «Танакөз»! – деген даусын естіп, жалт қарады. Қиылыстан өтіп үлкен көшенің оң жағынан бұрылып тоқтаған ақшыл түсті «Джиптен» түсіп келе жатқан Лебіз көзіне оттай басылды.

  • Лебіз…
  • Сені бүгін, дәл осы жерден көремін деген ой үш ұйықтасам да, түсіме кірмес еді, Танакөз!
  • Ұмытқансың ғой, сірә?!
  • Қалайша?! Қалайша ұмытамын сені, олай деме! Маған телефоныңды берген жоқсың, өзінің хабарласқанын ыңғайлы көрген болар деп ойлап, хабарыңды күтіп, тағатымның таусылғанын қалай айтып сендірсем екен?..

Осылайша жол қиылысында ойда жоқта Лебізбен кездескен Танакөз өзін өң мен түстің арасында тұрғандай сезінді. Одан әрі екеуі «Джиптің» ішіне барып отырды.

  • Асығып отырғаныңды сезіп отырмын, Танакөз! – Лебіз оның қолынан ұстады. – Тым болмаса, жарты сағат уақытыңды қи екеумізге…
  • Мен асығып отырған жоқпын, қанша психолог болсаң да, осы жолы мүлт кеттің…
  • Мүлт кеткеніме қуаныштымын, онда баяғы алғаш танысқандағы оңаша дәмханамызға барайық, ыңғайлы жер ғой, солай емес пе!?

… Өзінің бүкіл жан-дүниелік сырын таусыла ақтарып отырған Танакөз, ара-арасында Лебіздің ой кіреукеленген тұнжыраған көздеріне қарап қойды.

  • Кейде осы қиял шалығына ұрынған жоқпын ба деп өз-өзіме күмәндана қарайтын кездерім болады. Соңғы кездері әсіресе сондай күйді көбірек сезінетіндей халге жеттім. Құлазыған жанымды түсінер біреуді іздеп, ой арпалысымен шарқ ұрғанда, көз алдыма сен орала бердің. Саған бар сырымды бүкпесіз айтқым келді, Лебіз. Сенен тек қана рухани тірек тапқым келді, шынымды айтсам. Сырты – бүтін, іші – түтін мен сияқтылардың әйелдік күйкі тағдыры қазіргі күннің етек алған дерті болса, оған ем табыла қояр деп ойламаймын. Өмірден орнын таппаған еркектің отбасына қорған болар, әйеліне шындап күйеу боларлық дәрмені болмаса, бұл да менің пешенеме жазылған бұйрық болар, бәлкім. Әйтеуір қажыдым, қалжырадым. Сөйтіп жүргенде кездестік қой екеуміз… Сөйтіп жүргенде жоғымды тапқандай болғанымды жасыра алмаймын, бір сәттік бақытқа кенелткеніңді ұмыта алмадым. Ұмытқым келсе де, ұмыта алмадым. Неге бұлай екенін мен түсіндіре алмаймын. Сол жоғымды тапқандай болғаным әйелдік тазалығыма, адалдығыма опасыздық жасағанымдай көрінді. Қиналдым, қиналып жүріп, жүрегімді дертті халге түсіргенімді бір-ақ білдім. Менің айтып отырғанымды басқаша түсініп қалма, Лебіз… Сенің жеке өміріңе өзімнің уайым- ауыртпалығымды араластырғым келмейді. Әркімнің өз өмірі өзінде ғой. Не істерін білмей дағдарған әйелдің шарасыз халіне араша боларлық сөзіңді ғана айтшы: не істеуім керек бұдан әрі?.. Сен психологсың ғой.
  • Психологсың дейсің…

Лебіз осылай деді де, толқулы күйдің әсерінен оның аздап қана тершіген оң қолының алақанына өзінің ып-ыстық алақанын жеп-жеңіл ғана жанастырып, тұнжыраған ойдың тереңінен шыға алмай бірер сәт үнсіз қалды.

Танакөздің көздерінде тұнған, енді-енді лықсып кеткелі тұрған мөп- мөлдір жас оның осы бір мезет жан-дүниесін толқынысқа түсірген нәзік дірілді кіршіксіз аңғартқандай еді.

  • Ия, бар жоғы – психолог қанамын, Танакөз. Өзіңе араша түсерліктей шама менде болса кәні… – Лебіз оған аңтарыла қарады. – Не істеуім керек дейсің ғой. Не істеу керек, бәсе. Адам-адам болғалы тіршілігінің әр қалтарысынан мен мұндалай беретін мәңгілік сұрақ.
  • Бірақ адам мәңгілік емес қой, Лебіз…
  • Адам мәңгілік емес, бірақ сұрақ – мәңгілік. Сен Хаббардтың «Дианетика» деген кітабын оқыған жоқсың ба?! Оқымасаң, оқырсың бірде. Сонда мынандай бір сөз бар: «Человек выживает в тесной близости с другими льюдми, и это выживание – удовольствие». Ойлап қарасаң – күрделі ештеңе жоқ сияқты. Қазақша айтқанда, адам күні адаммен деген сияқты мағынаны аңғартатын сөз. Бірақ адам өзі сүрген өмірден қанағат аларлықтай халде болуы үшін өзіндей адамдардың болмысымен, айналасындағы адамдардың тіршілігімен қайткенде де үйлесімділік, дәлірек айтқанда, келісім табуы тиіс деген сияқты астарлы ой жатыр Хаббардың осы пәлсапасында.
  • Үйлесім дейсің бе, келісім дейсің бе?.. – Танакөз оған сұраулы кейіппен қарады. – Қалай табуға болады оны?! Жасанды мінезбен, өтірікті шындай қабылдап өмір сүру арқылы ма?.. Ондай үйлесімнің қанағаты адамның өміріне жұбаныш бола ала ма?..
  • Дұрыс түсін, Танакөз. Мен, жоқ, Хаббекеңді айтам ғой жаңағы, ойдан шығарылған үйлесімділік туралы айтып отырған жоқ қой. Адамдардың өз арасындағы тіршілік күйкілігіне күйреп қалмауы жолындағы күрескерлік рухын меңзеп отыр ғой ол.
  • Қысқасын айтқанда, бәріне шыда, мықты бол, ештеңеге алаңдама дегің келеді ғой сонда?!. Әйелдің жаны қашанда сірі ғой. Олай болмасам, балаларымның анасы болу қолымнан келмес еді. Бірақ жан-дүнием сол күйкілікке қорланған сәттерде, еркек деп жүрген жанның ездігі мен дәрменсіздігінен безінген сәттерде не істерімді біле алмай дал болатын халіме одан қандай үйлесімді тауып, тіршілігіме қанағат тұтармын. Қанша жерден данагөй болса да, әлгі Хаббардыңның сөзіне күмәнім орасан. Кешір, әрине, сондай күрделі сөзді ұғынуға санам жетпей жатса…
  • Жә, онда Хаббекеңді былай қоя тұралық. Оның саған көмегі тие қоймас, сірә…
  • Дұрыс айтасың, оның көмегінен гөрі сенің көмегің маған көбірек керегірек болып тұрғанын қалайша түсінгің келмейді?!
  • Түсінемін, неге түсінбейін. Бірақ менің саған берер көмегім – ақыл- тоқтам айту болса, айта жатармын, бірақ мына түріңе қарағанда оны да місе тұтпай жүретін сияқтысың…
  • Айтар тоқтамыңа зәру екенімді біліп отырсың ғой, Лебіз…
  • Мені қолынан бәрі келетін құдірет санап отырғаныңа таңмын. Күнәдан ада, өмірде жасаған қателігі жоқ кіршіксіз деп ойлап отырсаң – қателесесің. Адам – ең алдымен пенде, мен де соның бірімін, Танакөз. Сен маған бүкіл өміріңді айтып бердің, ал мен саған өзімнің тағдырым туралы бір ауыз тіс жарған жоқпын. Кіммін мен? Екеуміздің оңаша кездесулерімізге итермелеген мен емес пе едім, демек, алдымен мен опасызбын, алдымен мен кінәлімін бұған, бұл туралы бір мезет ойланып көрдің бе?!
  • Ойланып көрдім, бірақ ол ойдың да түбіне жете алмадым… Себебі бәрібір бұған кінәлі сен емес, өзім деп ойлаймын.
  • Неге сен кінәлісің? Кінәлімін деген ойды басыңнан шығарып таста мүлдем. Өзің опасыздық санап отырған жолға сені мен итермелесем, қалайша өзіңді кінәлі санамақсың?..
  • Менің кінәм – әйелдік әлсіздігімде шығар… Бірақ сені екінші қайтара көруге ынтық еткен күш сол күні кеште, қоштасарда айтқан «оңаша кешімізді ар алдындағы адалдықтан аттаған әрекетке санай көрме» деген жалғыз ауыз сөзің еді. Сол сөзіңді естігенде өзіңді жан-дүниемді, бүкіл әйелдік болмысымды шексіз түсінген жандай қабылдаған болатынмын… Енді басқаша айтып отырсың, адалдықтан аттап кеткеніңді мойындағандайсың, тіпті соған өкінгендейсің ғой, солай ма, дұрыс түсінсем?..
  • Міне, көрдің бе, адамның ішкі құбылысы қаншалықты күрделі? Бір- бірімізбен ұғынысудың қиындығын бастан кешіріп отырған жағдайымыз бар тап осы сәтте. Мен сені кінәлі сезіміңнен арашалағым келіп еді, бірақ мұным адам айтқысыз сәтсіз болып шықты. Өзіңмен бақытты болған, соны осыншама уақыт жан түкпірімде аялап жүрген сезімімді өзім аяқасты еттім қазір. Сол кездесуіме өкініп жүрген адамның кейпін таныттым, сен ойлағандай болмай шықтым. Өмірде, адамдардың ара-қатынасында бір- бірімен болмашы түсінбеушіліктер, тіпті қисынсыз қателіктер мен ауытқулар болып жатады. Сондай кездері бір-бірімізді түсінуден гөрі, пендешілікке бой ұрып, түсінбеушіліктің ығына қарай жығыламыз. Мұндайда осындай осалдығымызға кешіріммен қарай білу, кешіріммен өмір сүру қай- қайсымызда да жетіспей жатады. Бұл – біздердің, саналы адамдардың кешірілмес пенделігі. Адами тіршіліктің қалтарыс-бұлтарыстарындағы осындай мезеттерде әлсіздік танытпасаң ғана ең жақын адамыңмен бірге бастан кешірген күндеріңе қанағат ете аласың. Осындай сана қанағаты өзің күнә санаған барлық тыйымның тоқтауы болмақ дегеннен басқаға ақылым жетіп отырған жоқ, Танакөз…

Әңгіме арнасы тым күрделі ойларға ауып кетті ме, әлде шараптың бойды білдірмей алатын уытынан ба, әйтеуір Танакөз Лебіздің одан арғы сөздеріне ден қоя алмады. Өмір туралы, адамдардың бір-бірлерімен қарым- қатынасы туралы әлдебір дұрыс ойларды айтып отырған оны енжар тыңдады. Осыны байқаған Лебіз даяшыны есеп айырысуға шақырды.

  • Десе де, уақыт зыр айналып бара жатыр екен ғой, бір кешіңнің екі-үш сағатын осы кездесуге қиғаныңа рақмет, Танакөз. Сені үйде… балаларың күтіп қалған болар.
  • Саған да рақмет, Лебіз. Отбасыңмен бірге өткізетін бүгінгі кешіңді ойда жоқта менің әшейін, бостекі әңгімемді тыңдауға арнадың…
  • Мен бұл қалаға көшіп келгелі жалғыз тұрамын. Әйеліммен дәм- тұзымыз жараспады, ал жалғыз қызымыздың үй-жайы бізден бөлек. Қазір, міне, жалқы тіршілік кешіп жатқан жағдай бар, сондықтан…

Танакөздің осы сәт өзіне кілт ойлана қарап қалған кейпінен Лебіз әлдеқандай бір жұмбақ таңданысты аңғарғандай болды, бірақ сөзін одан әрі өрбітпеді.

Қайтар жолдың үстінде әрқайсысы өз ойымен өзі болып, үй маңынан былайырақ жерде екеуі қол алысып қана қоштасты. Тамыздың қоңыржайлау түнгі лебі үйдің сыртқы кіреберісіне жеткенше Танакөздің өн-бойын сәл түршіктіргендей болды.

Емелбек үйде жоқ екен. Балалары Танакөздің келуін күтіп, тамақтарын әлі ішпепті.

  • Апа, қайда жүрсіз, кешігетініңізді неге айтпадыңыз?- деп бұртиды Мәнсия. -Тағы да жүрегі ауырып қалды ма екен деп уайымдадық, көкем де уайымдады. Сосын сізді іздеп кетті…
  • Неге іздейді, қайдан іздейді?..

Танакөз бұл сұрағын кімге, неге қойғанына қапелімде пайым бермеді. Төргі бөлмедегі диванға барып сылқ етіп отыра кетті. Көз алды – ақмұнар сағым, бұлдыраған жас.

Оңаша кеште отырып тіршілік дағдарысынан шығар жолдың амалын ұғындыра алмаған Лебіздің өзі туралы не ойлап кеткені Танакөздің ойынан шықпай қойды. Бүгін кездейсоқта ұшырасқан Лебізге айтпағы өзі жөніндегі әңгіме емес еді ғой. Екеуі туралы, оны ойынан шығара алмай, ой-сезімінің жүдеп-жадаған халіне дәрмен тілегені туралы өзіне ғана аян жан-сыры еді ғой көкейіндегісі. Соны жеткізе алмағаны қандай өкініш! Неге кездестім екен бүгін, қандай сиқыр тылсым мені сол жерге айдап апарған?!

Екеуінің бақытты табысуын кінәға санап, өмірдің ақ жолынан адасқандай кейіпте көрсеткеніме жол болсын, ол мені осылай түсініп, өзіне арытқысы келді менің қайдағы жоқ кінәларымды. Өзінің титімдей жазығы болмаса да, сөйтті. Лебізді қайтып іздеп баратын жолды бүгін өзім кестім. Екеуміздің арамызды жалғайтын дәнекер-сезімді бүгін біржола күйретіп тындым…

Сансыраған ойларының шым-шытырығынан шыға алмаған Танакөз бейуақта өзін іздеп кеткен Емелбектің әрекетінің адалдығына сенгісі келсе де, сенбеді. «Емелбек қанша іздесе де, енді мені бәрібір таба алмас еді. Таба алмас еді» деген бір бұлдыр ой басында зыңылдады да тұрды.

Танакөзді қаланың қай түкпірі, қай қалтарысынан іздегені белгісіз, үйге түннің бір уағында әбден қалжырап оралған Емелбек өзі жататын диванның үстінде ұйықтап қалған әйелін бас салып жұлмалап оятқысы келіп тұрды да, оятпады. Бетінің ұшы жыбырлап, өрекпіп кетуге шақ қалған ызаны көкірегінде зорға-зорға тұншықтырды.

Ас үйге барып, қалтасына салып алып келген арағының тығынын ашып, үлкен бокалға толтыра бір құйды да, демін алмастан бір-ақ тартып жіберді.

  • Болды!..

Ол басын қос қолымен сығымдай ұстап, үстел басында тапжылмай отырған күйі ұйықтап кетті. Өмірдің күрмеуі көп шытырманы туралы ойдың ұшығына бәрібір жете алмас еді.

Түн ортасында өзінен-өзі селт етіп оянған Танакөз мең-зең болған басын зорға көтеріп, орнынан сүйретіле тұрды.

Ас үйдегі шамның жарығы өшірілмепті. Еденде домалап жатқан бос шиша мен үстелге маңдайын тіреп, масаң ұйқының буына пісіп жатқан күйеуін көргенде оның түнде қандай халде болғанын айтпай-ақ түсінді.

Емелбекті қолтығынан демеп орнынан тұрғызғысы келіп еді, ол буынын ұстай алмай, сылқ етіп құлап түсті.

  • Не болды, тұр! Тұр, кәне, төсегіңе барып жат…

Ұйқысынан толық ояна алмай, тосыннан көзін болар-болмас ашып, есеңгірекі әрі-сәрі күйде жатқан оның көзіне Танакөздің бейнесі бұлдыр- бұлдыр етіп, перденің арғы жағында тұрған бейтаныс біреудей елестеп кетті.

  • Сен кімсің?.. Кімсің әй?.. Пердеңді алып таста деймін жаныңның барында!.. Сен қатын…
  • Қандай перде?.. – Танакөз күйеуінің мастықтың шалығынан айыға алмай түсініксіз сөйлеген кейпетіне жиркене қарады.

– Анау пердені… менен… бетіңді жасырып тұрған пердеңді айтам…

Ол басы сылқ етіп, сол айыға алмаған күйінде еденге етпетінен түсіп жатып қалды.

Танакөз бұдан соң оны орнынан қозғаған жоқ. Тіршіліктің барлық күйкілігін тарс ұмытып, төсегіне барып тас бүркеніп жатып қалғысы келіп еді, бірақ перде туралы айтқан мас Емелбектің әлгі шатыс-бұтыс сөзі құлағынан кетпей қойды.

«Шатыс-бұтыс сөз емес-ау айтқаны. Сол перденің ар жағында тұрғаным ақиқат қой. Енді қалған жерде ол пердемді бетімнен сыпырып алып тастай аламын ба, оған әл-дәрменім жетер ме?! Әл-дәрменім жетпесе, не істеймін, Лебіз! Сен айтшы жауабын осы сұрақтың, сенің ғана сөзіңді дәрмен етейін»…

Танакөз ұзақ-ұзақ налып, ұзақ-ұзақ өксіп жатып Лебізден іштей осыны ғана жалбарына тілек етті.

Dar boramon admin