05/12/2024
Home / Ilm / ТҮРКІСТАН УӘЛАЯТЫ ГАЗЕТІНДЕГІ – БАҒАЛАУЫШТЫҚ ЛЕКСИКА

ТҮРКІСТАН УӘЛАЯТЫ ГАЗЕТІНДЕГІ – БАҒАЛАУЫШТЫҚ ЛЕКСИКА

Газеттің әсер ету қызметі бағалауыштық категориясымен тығыз байланысты. Бағалауыштық – логикалық, философиялық ұғым.

Адам айналадағы өмірді тіл арқылы таниды, тілдің көмегімен бейнелейді, ой ойлайды. Адамның әлем туралы пайымдаулары дескриптивті немесе аксиологиялық тұрғыдан тұжырымдалады. Басқаша айтсақ, адам өзін қоршаған құбылыстарды тек сипаттайды және хабарлайды немесе бұл құбылыстарға баға береді. Баға объективті және субъективті тұрғыдан беріледі. Объективті баға – әрбір қоғамдағы моральдық-этикалық ұстанымдарға сәйкес, қоғам дұрыс деп қабылдаған немесе жалпы адамзаттық нормалар тұрғысынан берілетін баға. Ал субъективті баға дегеніміз – әлемге деген оң немесе теріс бағаланған өзінің жеке көзқарасы арқылы ақпарат қабылдаушыға белгілі дәрежеде әсер етуге қол жеткізу. Мысалы, оң және теріс бағалауышты екі қатарды алайық: әдемі, көркем, сұлу, періштедей, хор қызындай және ақылсыз, ақымақ, мисыз, тауықтың миындай миы жоқ, есектің миын жеген.

Бұл сөздердегі әлдебір адамға берілген мінездемеде үдемелі экспрессия анық көрініп тұр. Алғашқы (әдемі, көркем, сұлу, ақылсыз, ақымақ) сөздерден бұл сөздерді айтып отырған адамның объективтілігі туралы әсер туады, яғни автор тек хабарлап отырған сияқты, ал періштедей, хор қызындай, мисыз, тауықтың миындай миы жоқ, есектің миын жеген сөздері автордың жақсы көруін және/немесе жек көруін бейнелі түрде беріп, оның сөйлесім (говорение) сәтіндегі эмоционалдық жағдайын көрсетіп тұр.

Бағалауыштық орыс тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді (А.А.Ивин, Е.М.Вольф, Н.Д.Арутюнова, В.Н.Телия, Ю.Д.Апресян т.б.). Газет тіліндегі бағалауыштық лексика терминін қазақ тіл білімінде Н.Уәлиев, А.Алдашева, Б.Момынова, Г.Смағұлова, О.Бүркітов, Ф.Жақсыбаевалар өз еңбектерінде қолданған.

Тілдік құралдағы бағалауыштық компонент адам ойымен, санасымен тығыз байланысты. Кез келген бағада объектілі- субъектілі қатынас болады. Бұл қатынас бағаның құрылымымен анықталады. Субъект бағалауыштық бірлік (единица) арқылы объектіге белгілі бір жағынан баға береді. Е.М.Вольф бағаны модальды құрылым ретінде танып, ашық немесе жасырын түрде келетін баға субьектісін (жеке тұлға немесе социум), баға обьектісін (адам, зат немесе оқиға), бағалау элементін және бағалау шегін оны құрайтын элементтер ретінде көрсетеді [1,8]. А.А.Ивиннің айтуы бойынша, бағаның компоненттері – субьект, пән (предмет), характер, негіз (основание) [2, 21].

Қазақ газеттері лексикасын зерттеуші Б.Момынова бағалауыштық лексика туралы, оның әлеуметтілігі мен бағалауыштық лексика элементтерінің жүйесі туралы айта келіп, бағалаушы субьектінің үш түрлі қызметін көрсетеді: 1) бағалап отырған затты, процесті, құбылысты танып білу арқылы іске асатын танымдық функция; 2) өз тарапынан баға беру функциясы; 3) прагматикалық әрекетпен байланысты эмотивті-квалификативті функциясы [3, 133].

Ғалым сөздердің баға берудегі мүмкіндіктеріне қарай мағынаның аясында оң және/немесе теріс бағалауыштық қасиеті бар сөздерді актуалды бағалауыш сөздер, ал белгілі контексте жүйелі түрде қолданыла келе бағалауыштық сипат алатын сөздерді әлеуетті (потенциалды) бағалауыш сөздер деп атайды [2, 134].

Ф.Жақсыбаева өзінің «Газет мәтінінің прагматикалық функциясы (Қазақ тілінде шығатын газет материалдары бойынша)» атты кандидаттық диссертациясында бағалауыштық лексиканы газет               мәтінінде                   прагматикалық                                      қызмет          атқаратын

макрокомпоненттердің бірі ретінде көрсетеді. Баға беруде прагматиканың маңызы зор. Газет тілінде қолданылатын бағалауыштық лексика әлеуметті, яғни қоғамдағы құндылықтар шкаласының өзгеруіне байланысты баға да өзгермелі сипатқа ие.

Бағалауыштық – қазақ тіл білімінде әлі де жан-жақты, терең зерттеуді күтіп тұрған күрделі категория. Біз өз жұмысымызда бағалауыштық тілдік қолданыстарды құрамына ашық (эксплицитті) немесе жасырын (имплицитті) түрде денотат немесе коннотат мағыналы бағалауыштық сема (оң/теріс) енген

модальдық лексика-семантикалық құрылым ретінде қарастырамыз. Жұмыста  коннотацияны коммуникативтік

процесс кезінде қоршаған ортаны бағалауыштық тұрғыдан қабылдау мен бейнелеудің жемісі ретіндегі сөз мағынасының экспрессивті компоненті деп танимыз, өйткені коннотацияның басты функциясы – прагматикамен тығыз байланысты әсер ету қызметі. Бағаның лексикалық мағынасы аксиологиялық полюстерді қарама-қарсы қоюға негізделеді.

Бағалауыштық лексиканы Л.А.Киселеваның  терминімен

прагмема деп атаймыз. Прагмемаға, негізінен, сөйлеу субъектісі психикасының көңіл-күй, жігер саласының құбылыстарын бейнелейтін бірліктер жатады, олар тиісінше адресат психикасының көңіл-күй, жігер саласына және осы арқылы оның зияткерлік саласына оның мінезін реттеу мақсатында әсер етеді.

«Түркістан    уәлаяты  газетіндегі»  бағалауыштық қолданыстардың семантикасында жалпы адамзат қауымына тән нормативтермен қоса қазақ халқының психологиясы, айналаны қабылдау мен пайымдаудың ұлттық-мәдени спецификасы мен ерекшеліктері айрықша білінеді.

Жеке сөздерде бағалауыштық мағына беру мүмкіндігі мол, әйтсе де бағалауыштық көбінесе синтаксистік тәсілмен беріледі. «Түркістан уәлаяты газетіндегі» прагмемаларды үлкен үш топқа бөліп қарастырамыз.

а) Бірінші топты психологиялық прагмемалар құрайды. Бұған сенсорлық баға, ^яиіи сезіну әрекетінен туындайтын әсерге байланысты баға беру прагмемалары жатады. Бұл топ прагмемалары бағаның объектісінен гөрі баға субъектісінің әсерін көрсетеді. Олар:

  • Зияткерлік прагмемалар. Бұл прагмемалардың рационалдық жағы басым, баға субьектісі психикалық немесе физикалық рецептор ретінде танылады. Баға көңіл, ерік, интуиция, қиял сияқты сезім қабілеттерінен өзге рационалдық таным қабілеті тұрғысынан беріледі: жаман ақыл, оқы.мысты. қатты залал, ақылды патша қаным, есті адамдар, қатты қымбат, мұқату, ақымақ адамдар т.б.
  • Эмоционалды прагмемалар. Баға бейнеленіп жатқан заттар мен оқиғалардың мәнін тікелей бастан кешіру, тура сезіну әсерінен туындайды: келемеж қылу, бишара халық, бишара қатын, айран

(қайран – автор) болу, күлкі қылу, нашар халық, сұмдықтары шығып жату, көңілі қарайып кетті, көңілі менен қуанып, өкініп жылап жүр, қаңғырып жүр, жарықтықтар, масқара қылып, көңіліне тымақ жақты, сабаз т.б.).

ә) Екінші топқа этика-эстетикалық прагмемалар енеді. Эстетикалық баға әсемдік сезім қажеттерінен туындайды. Этикалық баға белгілі этикалық нормалардың, адамгершілік заңдарының сақталуына бағытталса, эстетикалық бағаның моральдық жағы болмағанымен, ол да әсемдіктің белгілі критерийлерін басшылыққа ала отырып беріледі. Олар:

  • Этикалық прагмемалар (әділдік, достылық, разылық, қазақтың жақсылары, обал, жала, батыр, қу алдамшы, үлгі болсын деп, бұзық іс, араздық, жақсылық, жаманшылық, кек, жанжал т.б.).
  • Эстетикалық прагмемалар (әдемі қыз, қыз-ақ, жылқы-ақ, әйбат көріну, таң қалу т.б.).

б) Үшінші топты құрайтын прагмемалар адамның күнделікті іс- тәжірибесімен, қызығушылығымен тығыз байланысты. Бұлардың басты критерийлері – белгілі мақсатқа жетуге бағытталған физикалық немесе психикалық пайда көру, қандай да бір стандартқа сәйкес белгілі функцияның орындалуы. Олар:

  • Утилитарлық прагмемалар (қиын іс, пайдалы, залал, дұрыст астықтың оңбағанлығы, қыстың қаттылығы, тымақ арзан, тез, тыныш, қымбатшылық, мақтау, құрмет қылу т.б.)
  • Нормативті прагмемалар (дұрыс емес іс, өтірік сөз, өлтіру, арқа тұтыну, абақтыға отыру, ұстауға салу, айып салу, әділ қылып тергеу, барымта, дұспандық, айдауға жіберу, сенімсіз адамдар, әбігерлік, зорлық т.б.).

«Түркістан уәлаяты газетіндегі» бағалауыштық лексиканы мұндай топтарға бөліп қарағанымыз, әрине, шартты нәрсе, өйткені бағалауыштық қазақ тіл білімінде әлі толық ашылып болмаған күрделі категория. Бағалауыштық мағына белгілі қоғамдағы қабылданған нормаларға тәуелді. Адамдардың дүниетанымы, әлеуметтік қызығушылығы мен ұғым-түсініктердің құндылығы өзгеріп отырған сайын баға да қалыптасып немесе өзгеріп отырады. Мысалы, Б.Момынова дін сөзінің қоғам өзгерісімен, адамдардың көзқарасының өзгеруімен байланысты әр кезеңде әртүрлі (оң, теріс) баға алғандығын көрсетеді [3,         134]. Бағалауды (мысалы, жақсы-

жаман) түсіндіру үшін бағаланып отырған негіздің барлық компоненттерінің контекстік мағынасы есепке алынуы тиіс. Бағалауыштық көбіне сын есімдер арқылы беріледі десек, қандай заттар бағаланып тұрғаныныа байланысты сын есім әртүрлі ұғынылады (Мысалы, жақсы кітап және жақсы тамақ десек, олардың «жақсылығы» әр басқа критерийлермен анықталады).

Баға айтушы адаммен де тығыз байланысты. Баға адамның жеке көзқарасын білдіреді, ал адамдардың көзқарасы әртүрлі болатындығы белгілі нәрсе. Тілек, ықылас, қалауға байланысты туған баға борыш пен қажеттіліктен туған бағадан мүлде бөлек.

Сөздің бағалауыштық компоненті оның денотат бөлігінде (зорлық, қымбатшылық, сұмдық) немесе коннотат бөлігінде (көңілі қараю, түлкі), сондай-ақ жасырын (имплицитті) түрде берілуі мүмкін. Жасырын түрде берілген баға арнайы әдістер көмегімен ашылады (сөздердің байланысы, модалдылық, контекст, трансформация т.б.). «Түркістан уәлаяты газетіндегі»

бағалауыштық категория осы көрсетілген сөз мағынасы берілуінің барлық түрінде көрініс табады.

Газеттегі сөздердің бағалауыштық мағынасы өте ауқымды және алуан түрлі. Біз бөлген классификацияда бағаның негізі, оның уәждемесі алға қойылды. Бағалауыштық мағына тек баға берушімен ғана емес, адресатпен де тығыз байланысты, өйткені бағалауыштық мағына алдымен әсер ету үшін жұмсалады.

Бағалауыш сөздер ұсыныс, әрекетке шақыру, ескерту, мақтау, даттау т.б. сияқты коммуникативтік мақсатты білдіреді, яғни нормалар жүйесін жасайды. Сөйтіп баға құрамына кез келген коммуникативтік актіге сәйкес коммуникативтік мақсат пен адресат факторы да кіреді. «Түркістан уәлаяты газетіндегі» сөздердің семантикасында әртүрлі бағалауыштық реңктің болуы қоғамдық- әлеуметтік,                                                              саяси жағдайлармен тығыз байланысты.

Публицистикада құбылыс пен ұғым жай ғана бағаланбайды, баға әлеуметтік бағалауыштықпен ұштасып жатады. Газет лексикасы бағалауыштығының әлеуметтік сипатының өзіндік қырлары бар. Соның бірі басылымға материал жолдаушы адамдардың әлеуметтік құрамының әр түрлілігіне байланысты: арнаулы тілшілер, оқырман хаттары, түрлі деңгейдегі қоғамдардың, ұйымдар мен сан салалы ұжымдардың газет жұмысына атсалысуы оның лексикасына нағыз әлеуметтік сипат береді. Екінші қыры – оқырман деңгейінің әртүрлі
болуы, қабылдаушы аудиторияның ерекшеліктеріне қатысты. Осы екі қыры ескерілгенде газет тілдеріндегі әлеуметтік бағалауыштықтың қызметі жандана түсіп, толыққанды сипат алады.

Осы айтылғандарға сәйкес «Түркістан уәлаяты газетінің» әсер ету және баға беру қызметі аясында газет авторлары мен оның оқырмандарын әлеуметтік субъектілер ретінде анықтаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Вольф Е.М. Функциональная семантика оценки. -М.: Сов.энциклопедия, 1989. -232 с.
  • Ивин А.А. Основание логики оценок. -М.: Изд-во Моск. ун­та, 1970. -230 с.
  • Момынова Б. Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы). – Алматы: Арыс, 1999. -228 б

Dar boramon admin

Инчунин кобед

belyiy-parohod-1

ДӘРЬЯ БОЙЫНДАҒЫ КЕШ

1 Қолында китабы, көзлери ойшаң, Көшеде асықпай барар Арыухан, Қызғыш биртартары от қусап лаулап, Желбирер …