Тақырыптың өзектілігі – зерттеу жұмысына қойылатын негізгі талаптардың бірі. Өзектілікті талап ету зерттеу жұмысының (ғылыми мақала, ғылыми жоба, диплом жұмысы, диссертация) заманауи үрдістерге сәйкес келіп, қазіргі заманғы өзекті мәселені шешуге бағытталуына саяды. Зерттеу тақырыбының өзектілігі жұмыста зерттелетін мәселелерді шешудің ғылыми және қолданбалы маңызы туралы ережелерден тұрады. Өзектілік зерттеу жұмысының ғылыми, сонымен қатар қолданбалы мәселесін шешумен тығыз байланысты болады. Мысалы, диссертациялық жұмыстың өзектілігін көрсету үшін ғылымның осы саласында зерттеуді қажет ететін олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жұмыс жүргізіліп отырғанын атап өту керек.
Зерттеудің өзектілігін негіздеу – автордың жеке зерттеу еңбегінде көтеріліп отырған мәселені жан-жақты терең түсінуі мен орындалған жұмыстың сапасы туралы сөз қозғауға мүмкіндік беретін элемент.
Зерттеудің өзектілігін негіздеу кезінде мынадай кезеңдерге тоқталып өтуге болады:
- қазіргі уақытта зерттеліп отырған мәселенің өзектілігін жинақтайтын жаңа талаптар мен алғышарттар;
- аталған мәселенің ресми құжаттарда берілуі;
- мәселенің ғылыми әдебиеттерде жарық көруі;
- зерттеу мәселесімен байланысты ғылыми мәселелер;
- мәселенің басқа да ғылымдардың даму ұстанымдарымен байланысын негіздеу;
- мәселенің қазіргі уақытта өзекті болуының себептері;
- көтерілген мәселенің ғалымдардың, мамандардың назарын аударатын себептері және бұл мәселенің шешімі тәжірибенің қандай қажеттіліктерін қанағаттандыруы мүмкін;
- талдауды, қорытуды қажет ететін қолда бар жетістіктер.
Зерттеу мәселесінің өзектілігін негіздеу әртүрлі тәсілдер арқылы жүргізілуі мүмкін. Ең маңыздысы өзектіліктің көпаспектілігін, ізденушінің таңдалған мәселенің өзектілігін түрлі қырынан қарастыратынын ескеру керек.
Зерттеудің теориялық және практикалық мәні дегеніміз – теориялық және практикалық зерттеу нәтижелерінің маңыздылығы. Теориялық маңыздылықтың мысалы ретінде қандай да бір білім саласындағы теориялық қорытынды жасау болуы мүмкін. Ал практикалық мәніне мысал ретінде эксперименталды зерттеу немесе әзірленген жоба бола алады.
Зерттеудің теориялық мәні автордың жаңалығы бар теориялық тұжырымдары мен ережелерінің маңыздылығын айқындау жолымен анықталады. Зерттеу нәтижелерін болашақта ғылымның нақты бір саласында қолдануға мүмкіндік беретін тұжырым ретінде беріледі.
Зерттеудің практикалық мәні автордың практикалық ұсынымдарын қолдануға мүмкіндік беретін нұсқаулық ретінде беріледі.