Енді зерттеу жұмысының келесі маңызды бөлігі – зерттеудің мақсатын анықтау мәселесіне көшейік. Кез келген жазбаша жұмысқа ортақ мақсаттарға тоқталайық:
- Ақпарат беру – жазбаша жұмыстың ең жиі кездесетін мақсаттарының бірі. Жазбаша жұмысты ұсыну арқылы сіз қандай да бір оқиға немесе құбылыс туралы өз зерттеу нәтижелеріңізбен басқаларды таныстырасыз, осы оқиға немесе құбылыс турасында ақпарат бересіз. Мысалы, қалай бақытты болу керек, қалай ақша табу керек, қалай денсаулықты сақтау керек, өз бизнесіңді қалай ашу керек т.с.с. мәселелер туралы ақпараттық кітаптар жазып,
белгілі әрі бай болған адамдарды жақсы білесіз. Олай болса, адамдарға ақпарат әрқашан керек. - Сендіру. Көптеген мәселелерге қатысты сіздің берік ұстанымдарыңыз, өзіндік көзқарастарыңыз болуы мүмкін. Сіз осы көзқарастарыңыз арқылы оқырманның ой-пікірін, ойлау жүйесін өзгертуге ұмтылуыңыз мүмкін. Мысалы, «Қазақстанның білім беру жүйесіндегі көптілділік» тақырыбын алған студент балабақшаларда шетел тілін үйретуге үзілді-кесілді қарсы шығып, өз дәлелдемелерін келтіруі немесе «Экология және қауіпсіздік» тақырыбында зерттеу жұмысын жазған студент қала маңынан химиялық қалдықтар полигонын құру туралы қалалық мәслихат депутаттарының шешіміне қарсы дәйектерін ұсынуы мүмкін.
- Өзіңді таныту. Пайымдау, эссе, шығарма сияқты жұмыс түрлері жазбаша еңбектің шығармашылық формаларына жатады. Авторлық «мен» ғылыми жоба, курстық, дипломдық жұмыс, диссертация сияқты ғылыми жазба жұмыстарда да көрініс табады. Бұлар қойылған мәселеге қатысты өзіндік тұжырым, оңтайлы ұсыныс, күтпеген шешім, сыни көзқарас, талас туғызатын пікір, шебер де бейнелі сөз қолданыс, т.б. болуы мүмкін.
Барлық жазба жұмыс түрлеріне ортақ осындай мақсаттармен қатар нақты зерттеу жұмысының нақты бір мақсаты болуы тиіс.
Қандай тақырыпты таңдасаңыз да, не туралы жазсаңыз да, қандай да бір нақты мақсатты ұстанғаныңыз дұрыс. Не үшін жазатыныңызды өзіңіз білмесеңіз, оқырманыңыздың білуі де екіталай. Жақсы баға алу немесе бастықтың тапсырмасын уақытылы орындау жазбаша жұмысты жазуға мәжбүрлеген факті болғанымен, бұлар жазбаша жұмысты орындаудың нақты мақсаты болып табылмайды. Зерттеу жұмысының нақты мақсаты зерттеудің басты мәселесін анықтау кезінде қойылатын «Осы жұмысты жазудан мен өзім не күтемін және менің оқырманым не күтеді?» деген сұраққа жауап іздеуден туындайды. Нақты мақсат жазбаша жұмыста баяндалатын жағдайға байланысты болады.
Мысалы, «Экология» пәнінен рефератта көліктердің қала экологиясына келтіретін зардаптарын зерттеуіңіз мүмкін, «Құқық негіздері» пәнінен алғашқы қазақ заңдарының қазіргі заңнамамызда көрініс табуы туралы мақала жазуыңыз мүмкін, «Қазақ тілі» пәнінен латын жазуын енгізудің басымдықтары туралы мақалаға пікір жазуыңыз мүмкін. Олай болса, нақты мақсатыңыз осы
ситуациялармен, оқиғалармен, пікірлермен байланысты анықталады. Зерттеу жұмысының нақты мақсаты бірнешеу емес, біреу ғана болады.
Нақты мақсаттың болуы жазба жұмысын жазудың әр кезеңінде өз септігін тигізеді. Нақты мақсат зерттеу жұмысының аудиториясын анықтауға, керекті материалды іріктеуге, зерттеудің тілі мен стилін таңдауға көмектеседі.
Зерттеушілердің көбі зерттеудің мақсатын көрсету үшін ғылыми жұмыс атауын сәл кеңейтіп, қайталап береді. Мысалы, «Әлеуметтік желілердің қазіргі жастардың дүниетанымына тигізетін әсері» тақырыбына жазылған ғылыми жобаның мақсатын «әлеуметтік желілердің қазіргі жастардың дүниетанымына тигізетін жағымды (жағымсыз) әсерін анықтау (талдау)» деп көрсету дұрыс емес.
Зерттеудің мақсатын жазу дегеніміз – зерттеу жұмысының алғашқы кезеңінде айқындалған зерттеу мәселесін қысқа, нақты, түсінікті сөйлеммен беру деген сөз. Бұған үйрету мүмкін емес, бұл қабілет нақты, практикалық жұмыс жасау кезінде пайда болады. Пайда болмаса да, соған ұмтылу қажет.
Жұмыстың мақсаты айқындалған соң, сол мақсатқа жету жолындағы міндеттер көрсетіледі. Мақсат біреу, ал міндет бірнешеу болады. Міндеттер зерттеу мақсатын шығармашылық тұрғыдан нақтылаудан туындайды. Мақсат бірнеше міндеттен тұрады, бұл міндеттер, біріншіден, жұмыстың негізгі мазмұндық бөліктерін анықтайды, екіншіден, барынша нақты және орындалатын сипатта құралады. Міндеттер зерттеу нысанын мазмұндық тұрғыда ^ашуға көмектеседі және басты зерттеу болжамдарына апаратын жол болып табылады.