Зерттеудің басты мәселесін анықтау көп адам үшін ешқандай қиындық тудырмайтындай көрінеді. Жас зерттеушілер зерттеудің басты мәселесін тақырыптың өзектілігі ұғымымен байланыстырады. Тақырыптың өзектілігін бүгінгі
күннің сұранысымен, адамдардың көпшілігі үшін қызықтығымен, бұрын зерттелмегендігімен аз зерттелгендігімен т.с.с. байланысты жалпы сөздермен, ортақ фразалармен, бәрімізге таныс бірсарынды пікірлермен түсіндіреді. Айталық, сіз Қазақстандағы тұрмысы төмен отбасылар тақырыбында зерттеу жұмысын жазғыңыз келеді. Сіз бірден нарықтық қатынастардың дамуымен, қоғамда жұмыссыздықтың көбеюімен өмір сүру деңгейі төмен отбасылар пайда болғанын, оларға берілетін жәрдемақының мардымсыздығын жаза бастайсыз. Сіздің ойыңызша, мәселе өзекті, себебі, біріншіден, бүгінгі күннің проблемасы, екіншіден, бұл мәселе бұрын аз зерттелгендіктен, өте қажетті болып табылады.
Бұл пайымдауда ешқандай зерттеу мәселесі жоқ, себебі елде тұрмысы төмен отбасылар проблемасы бар екендігі бәрімізге белгілі, ол туралы теледидардан көріп, газеттен оқуға болады. Бұл жердегі зерттеу мәселесі қандай деген сұрақ туындайды. Кедейлер мәселесі, жұмыссыздық, мемлекеттік тілді қолданудың бүгінгі жай- күйі, жетім балалар, жастарды тұрғын үймен қамту т.с.с. сұрақтар зерттеу мәселесі бола алмайды.
Әңгіме сіздің зерттеу пәнін зерттеу нысанымен (объектісімен) алмастырып алуыңызда болып отыр. Нені зерттегіңіз келетіндігі (мысалы, жұмыссыздық немесе кедейлік) зерттеудің нысаны деп аталады. Ал, кем дегенде, талқылауға ұсынғыңыз келетін, қойғыңыз, көтергіңіз келетін, мүмкін болса, шешкіңіз келетін немесе шешу жолдарын ұсынғыңыз келетін ерекше мәселені көрсету зерттеудің пәні деп аталады.
Мысалы, жұмыссыздар, жас отбасылар тақырыбын зерттеудің «өзектілігін» айта отырып, сіз бір нәрсе жасау керектігін, яғни оларға көмектесу, әлеуметтік қолдаудың қандай да бір шараларын жүргізу қажеттігін жазасыз, ал оның орнына бұған дейін белгісіз болып келген немесе күнделікті, қарапайым көзқарастарға қайшы келетін нәрселерді түсінуге, ашуға тырысқаныңыз дұрыс.
Жалпы зерттеу мәселесін әлеуметтік мәселелерден нақты ажыратып қарау керек. Әлеуметтік мәселесіз зерттеулер жүргізіле беруі мүмкін, бірақ зерттеу мәселесі болмаса, ғылыми еңбектің мәні де, мағынасы да жоғалады.
Зерттеу мәселесін басқа біреу (оқытушы немесе ғылыми жетекші) анықтап береді деп күтудің қажеті жоқ. Бұл – таза авторлық, тек қана сіздің жеке басыңыздың міндеті. Осы айтылғандар, әсіресе, әлеуметтік ғылымдар үшін өте маңызды, өйткені сіздің азаматтық және құндылық ұстанымдарыңыз тақырып таңдау кезінде маңызды рөл атқарады, сондықтан неліктен осы мәселені (жұмыссыздық, жас отбасылар) таңдап отырғаныңызды, ең бірінші, өзіңізге түсіндіргеніңіз дұрыс. Сіз өзіңіз жас отбасысыз немесе жұмыссызсыз ба немесе болашақта осы мәселемен кездесемін деп қорқасыз ба не туыстарыңыз бен достарыңыз арасында осы мәселе бар болғандықтан, оны талдағыңыз келе ме? Ең бастысы, неліктен бұл мәселе басқалар үшін қызықты болуы мүмкін? Осы сұрақтарға жауап іздеу керек.
Зерттеу мәселесі дегеніміз – қандай да бір оқиға немесе құбылыс турасындағы біздің біліміміздің ол жайлы басқа білімдерге, күнделікті, қарапайым, ақылға қонымды түсініктерге сәйкессіздігі. Бұл – қандай да бір парадокс, керек десеңіз, шешуге ұсынылатын жұмбақ, түсіністіктердегі қарама-қайшылық, мән- мағыналар мен түсіндірулердің сәйкес келмеуі. Осы айтылғандар зерттеуші оңай өтіп кетуге немесе айналып өтуге болмайтын кедергілерге кездескен кезде пайда болады. Мәселені шешу үшін белгілі мақсатты әрекеттер жасау, басқа жол іздеу, кедергілерді жою, жоғары немесе төмен, оңға немесе солға жүру қажет болады.
Зерттеу мәселесі қызықты, күтілмеген, ең кем дегенде, бәріне белгілі болмауы керек. Дәл қазір жауабын бере алмайтын сұрақ қажет. Осы сұрақ сіздің зерттеуіңізге басқалардың қызығушылығын тудыратын қармақ секілді болады. Өз мәселеңізбен өзгелерді қызықтыру – оңай жұмыс емес. Өз зерттеуіңізге басқалардың назарын екі жағдайда ғана аудара аласыз: біріншіден, басқа адамды сіздің тақырыбыңыздың қандай да бір өзгеше қыры қызықтыруы мүмкін немесе, екіншіден, сіздің көзқарасыңыз оның осы мәселе туралы көзқарасына, пікіріне қарсы келуі, сөйтіп сіздің қызығушылығыңыз оның қызығушылығымен сәйкес келуі мүмкін.
Осы айтылғандар жүзеге асатын болса, сіздің көтеріп отырған мәселеңіз тек тағы бір «өзекті тақырып», ал жұмысыңыз тек тағы бір ғылыми мәтін ғана емес екені түсінікті болады, яғни сіз бұл жұмысты жазуға тек уақытыңызды ғана емес, өзіндік «меніңізді» де салғаныңыз, осы зерттеу мәселесіне бей-жай қарамайтындығыңыз көрінеді. Олай болса, сіздің айтарыңыз мол, басқа адамдар осы мәселе туралы толық және жан-жақты ғана емес, қызықты да ақпарат ала алатынына сенімді болады. Тіпті зерттеу мәселесінің жаңа болуы да міндетті емес. Адамзаттың озық ойлы, алдыңғы қатарлы өкілдері ғасырлар бойы шешімін іздеген, шешімін тапқан, бірақ уақыт өте келе, жаңа зерттеушілердің еңбектерінде қайтадан көтеріліп жатқан мәселелер бар.
Бұлардың қатарына құрылым мен әрекеттің, макро және микрореттеудің, қоғам мен адамның
арақатынасы туралы танымдық-философиялық мәселелер жатады. Сіздің зерттеу стратегияңыз қандай болса да, «мәңгілік» мәселені шешуге тырысудасыз ба немесе мүлде жаңа перспектива ашуға ұмтылып жатырсыз ба, өз зерттеуіңіздің басты мәселесін анықтап алудан ешқайда қашып құтыла алмайсыз. Ең бастысы, зерттеудің басты мәселесі (пәні) сіздің өзіңіз үшін қызықты екенін көрсетіп, кейін бұл мәселе тек автор үшін ғана маңызды емес екеніне басқалардың көзін жеткізуіңіз керек.
Сіз шағын болғанымен, қандай да бір мәселенің ғылыми шешімін ұсынбақшысыз, осы мәселені шешу турасындағы өз тәжірибеңізді көрсеткіңіз келеді. Алдымен, бұл мәселені анықтап, оның табиғатын түсіну қажет. Зерттеу мәселесін анықтап алғаннан кейін идея туындайды. Идея қандай да бір белгілі тұжырымға алып келеді.