Мұндай да болады екен…
Өзінің осы жылдар ішінде қаншалықты өзгергенін Танакөз енді ғана біліп жүргендей күй кешті. Емелбек – оның осыншалықты өмірінде, бір шаңырақтың астында тіршілік кешкен күндерінде мүлдем бірге болмағандай, ой-жадында көмескілене бастаған көп таныс-бейтаныстың біріндей ғана қазір.
Қарақан басының болымсыз мұңына бола емес, балаларының алаңсыз өмірін аналық мейірімімен аялап жүруі үшін ғана осы күйіне, осы қалпына көндігетіндей-ақ жөні бар еді, бірақ көндіге алмай, әлденеге алаңдай береді. Ойы – ойран, сезімі – сергелдең, сансыраулы халден бәрібір арылмаған Танакөз кейбірде қаланың бірөңкей тынымсыз тіршілігінен безініп кеткендей де еді.
Осындай күндердің бірінде ауылдан інісі Бейсен хабарласты. Шешесінің соңғы кездері ыңқыл-сыңқылы көбейіпті. Деміл-деміл жатып қала беретін көрінеді. Танакөздің ауылға сирек-сирек келетініне өкпелейтін сыңайлы екен…
Ауылдан жеткен бұл хабардан соң Танакөз енді бір күн де аялдағысы келмеді. Сәулетжанның күзгі каникулына бір апта қалған болатын, оны мектебіндегі оқуынан сұрап алып, қысқа қарай алатын демалысының есебінен оншақты күнді осы кезге ыңғайлап, тез жолға шығудың қамын жасады. Есейіп қалған қыздарына пәлендей алаңдағысы келмеді, олардың үйді қараусыз қалдырмайтынына, жүріс-тұрыстарының дұрыс боларына сенді.
Бұларды кешкі пойызға апыл-ғұпыл жеткізіп тастаған Емелбек, вокзал маңынан мәшинесіне мінетін жолаушы іздеп, өз жөнімен өзі болып кетті.
Плацкарт вагонның іші ығы-жығы екен, өз орындарына барып жайғасқанша аяқ алып жүрер жердің бәрінде тып-тығыз жайғасып қалған, бүйірлері қампиған ала дорбалардың ара-арасымен қысыла-қымтырыла өтулеріне тура келді.
- Ана сөмкеңді мына дорбалардың үстіне қоймасаң, басқа орын жоқ! – Сол жақтағы төменгі сәкідегі отырған орта жастағы, тәмпіш мұрын сары әйел Танакөзге бітіктеу көзінің қиығымен жанай, суық қарады.
Қарсы айтылар сөзге сары әйелдің ытырынып түсердей ширығып отырғанын байқаған Танакөз тырс деп үндеген жоқ. Шешесіне – көйлек- көншек, кәмпит-сәмпит, інісі мен келініне, олардың бала-шағасына деген тағы басқа оны-мұны базарлыққа толы жол сөмкесін жататын сәкісінің бас жағына қоя салды.
- Сөмкеңді ол жерге қойсаң, өзің қайда жатпақсың? – Сары әйел Танакөзді қайткенде де сөйлетпей қоймаймын дегендей пиғылын анық танытты.
- Бір жөні болар, жайғасып алайық әуелі…
- Е, онда, өзің білесің…
Мұның үнсіз қимылына, сөзіне көңілі көншіңкіремей тоң-торс қалған көршісі Танакөзге жүзін терезе жаққа беріп, қырын қарап отырды.
Пойыз сартылдаған доңғалағының ырғағын біртін-біртін үдетіп, ымырты қоюланып бара жатқан түн қойнауына қарай сіңе берді. Оқта-текте артта қалып бара жатқан жол бойындағы жалғыз-жарым разъездердің жарығы қапталдан жылт-жылт ете түседі.
… Әжесі мен атасының бауырында өскен Танакөз тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғанша өзінің туған анасын еншісі бөлек, басқа үйдің адамындай көріп жүрді. Ауылға келсе, алдымен өзі өскен үйдің орнында отырған ағасының шаңырағына түседі. Шешесін үлкен жеңгесіндей көріп, оған сәлемдесіп кету үшін ғана келетін. Өзіне әрдайым елжірей қарап бауырына тартқан анасына қанша жақсы көрсе де, басқа балалардай оған еркелей алмайтын. Әкесі қырық тоғыз мүшелінде дүниеден өтіп, шиеттей балаларымен қара жамылып, аңырап қала берген шешесіне бұдан былай бауыры бөлек жандай өгейси қарай алмайтынын ет-жүрегімен сезіне түйсінген еді. Содан бері де жиырма жылдан астам уақыт зымырап өте шығыпты.
Емелбектен көңілі суып, әйелдік мұңын ішінде құмықтырып жүрген халін Танакөз бір де бір рет шешесіне сездіріп көрмеген. Тәніне тиген ащы таяқты да, күйеуінің отбасылық тіршілігіне демеу бола алмаған дәрменсіздігін де жасырып, төрт құбыласы түгел, бақытты жандай ғұмыр кешіп жатқандай көрсететін өзін.
Төрт құбыласының түгел екені рас қой, өзінің қас-қабағына қарап өсіп келе жатқан төрт баласы бауырында, одан артықтың керегі қанша еді оған. Керегі қанша еді?..
Тәмпіш мұрын сары әйел тоң-торыс күйде ұзақ отыра алмады.Танакөздің тым-тырс тынған үнсіздігі оның қитығына аздап тие бастағандай. «Тура бір шіреніп қалған неме ғой, бәлсінуін өзінің. Қаланың өзінше сыпайысынған сылқымы боларсың, тырнағыңды сүйірлеп, ерніңді бояп жүргеніңе қарағанда. Көрер ем біз сияқты пойызда дорба тасып, ебіл- себіл болып жүрсең. Асырайтын байы, тиын-тебін табумен бас қатырмайтын жайы бар, бүйірің тоқ, уайымың жоқ қатын боларсың, сірә?! Бірақ біз сияқтылар мінетін ыбырсыған жайдақ пойызға отырғаныңа қарағанда, асып бара жатқан дәненең де жоқ, әншейін қарабайырлардың бірі шығарсың, бәлкім. Неде болса, түрткілеп көрейін өзін бір».
- Ие-е, солай де, – деп даусын соза түскен ол, Танакөзге көзін бір аударып тастады. – Жол болсын, баратын жерің алыс па ед?..
- Алыс емес, ертең сәскеге таман жетіп қалармыз, құдай қаласа.
- Сәскеге таман біз де жетеміз деп отырмыз ауылымызға. Онда Теректіден түсетін болдың ғой шамасы?
- Ия, Теректіден түсеміз…
- Біздің ауылға барады екенсің ғой?.. Өзіміздің адам болдың ғой онда…
Танакөзге енді бұрынғыдан бетер еміне түскен сары әйелді оның кім екенін, кімге бара жатқанын білуге деген әуестік биледі.
Өзінің Теректіге жолаушылап бара жатқан мән-жайынан азырақ хабардар еткен Танакөздің екеуара тіл қатысуды осымен тәмамдағысы келген ыңғайын сары әйел қаперіне де ілген жоқ.
- Қаланың базарынан дорба-дорба зат тасып, оны сатып, азын-аулақ тиын табудың зарын шегіп жүрген күніміз осы. Қайда барсаң да, қайда қарасаң да артынып-тартынған әйел… Бала туып, байдың тапқан несібесін ұқсатып отыратын заман басымыздан көшкелі біздікі осы жүріс баяғы ертеңді-кеш. Қатын-баласын асырайтын бай, қалада қайдам, ауылда қазір нағыз деписит! Еркектің үйде отырып қалғанын о заманда, бұ заман, кім көрген. Онда да еркектік пошымынан айырылған, дімкәстәрі ғана үйді төңіректеп қалды. Әйтпесе бар ғой, басында жел гулеген есіріктері бәрінен де безіп кетті емес пе, құдай-ай, тоба!.. Осы айтқаным рас қой, а, Сәруан? – деді ол бүйірдегі орында отырған өзі құралыптас, қобырсыған шашын төбесіне үймелей-жүймелей салған, бүйрек беттеу қараторы келіншекке қарай жүзін бұрып. – Сенің де көрген күнің осы, әрлі-берлі екі ортада дорба тасып сенделген…
Сәруан оның қара аспанды төндіре сөйлегенін онша жақтыра қоймады, оған көзін бір алартып алды да:
- Мұның бәрін несіне айтып, несіне жосылып отырсың? Жұртқа сенің дорба арқалаған жағдайыңның керегі бар ед сонша! – деді тісінің арасынан сыздана сөйлеп.
- Керегі неге бомасын?! – деп тақ ете қалды сары әйел. – Бәгонның ішін ыбырсытып, жолаушылап баратқан адамға аяқ басар жер қалдырмай, жер- көктің бәріне дорбамызды тықпалап отырған осы жағдайымызды білсін, түсінсін дейміз айналамыздағылар. – Ол көзінің ұшымен Танакөзге бір қарап қойды. – Әйтпесе жақтырмаған сыңайы бар ма деп қуыстанамыздағы…
Танакөз сары әйелдің сөзіне сәл ғана жымиып:
- Аспаннан аяғымыз салбырап түскен жоқпыз, көріп жүрген жәйіміз ғой бұл, қысылмай-ақ қойыңыз, бір түнге шыдармыз енді, – деді.
- Е, бәсе, өзіміздей-ақ адам ғой, түсінеді, әрине. – Танакөздің сөзіне ырза болған сары әйел Сәулетжанға алдында жатқан пакетінен алып, бір қағаз түрме кәмпит-сағыз ұсынды. – Ала ғой, құлдығым…
Сәулетжан алмаймын дегендей, басын шайқап еді, Танакөз:
- Тәтең үлкен басымен ұсынып жатқанда бас тартқаның ұят болады, рақмет айт, – деді.
- Рақмет…
- Менің Серікболым сияқты екенсің өзің, нешінші кіләс оқисың?..
- Төртінші…
- Үйбәй-әу, әр сөзіңді санап сөйлейтін сыпайы жігітсің ғой өзің, мәледес!..
- Әй, Бибіғайша, қаланың баласы осындай сыпайы болады, сенің жүгірмек Серікболың деймісің бермесіңді қолыңнан тартып алатын! – деді Сәруан серіктес құрбысын қағыта сөйлеп. – Ұялтпа баланы енді…
Екі әйелдің бірінің сөзін бірі іліп тартып, вагонды бастарына көтере сөйлеген дабыра-дұбыра әңгімесіне еріксіз құлақ салған Танакөз ауыл әйелдерінің бүкпесіз, ашылып-шашылып жатқан осы мінездерін бір жағынан қызық көріп отырды. Бұрын, өзі ауылда жүрген кездегі адамдар дәл осындай емес сияқты еді. Әрқайсында бір бастарына жетерлік уайым-мұңы болса да, көп сөзі жоқ, бұйығылау сияқты еді олар, әлде бұларды өмір, тұрмыс өзгертті ме екен деп ойланды. Бибіғайшаның айтып отырғаны айна-қатесіз солай, бала-шағаны асырау тауқыметі өз мойнына түскесін дорбалап зат тасып, күн көрісін жасамасқа басқадай шарасы болмағаны да байғұстың. Үйге басие болатын еркектің дәрменсіздігіне налыса, ол да өзінің әйелдік мұңы шығар жанын жегідей жеп жүрген.
Танакөз өз басындағы халді мына бейтаныс Бибіғайшаның басындағы халмен еріксіз ұқсастырғандай болып, бір сәт ойланып қалды.
«Мұның да үйінде біздің әлгі сорлыдай біреуі бар шығар, масыл болып отырған. Онысы масылдығына қарамай, біздікіндей еркексініп, күштімсінген біреу болса, шекесінің шылқып жүрмегенін түсінемін»…
Танакөздің тап осы сәттегі ойын оқып отырғандай Бибіғайша:
- Күйеуің қызметтегі кісі шығар? – деп сұрады.
- Жеке кәсіпкер… Жеке кәсібі бар айналысатын…
- Е, ондай болса жақсы ғой. Қаладағылардың жағдайы бізге қарағанда тәуір ғой, екі қолға әйтеуір бір жұмыс табылады.
- Ия, табылып тұр ғой…
Бұл кезде асықпай жүретін жайдақ пойыз тағы бір стансаға тоқтаған болатын, сырттан ерсілі-қарсылы тыпырлап жүгіріп, шу-шу еткен әйелдердің даусы естіліп жатты.
- Балық! Ысталған, тұздалған, қуырған… Бәрі бар!
- Сыра, сусын, шырынсу!..
- Сағыз, сигарет, шарап, арақ!..
- Піскен ет, қарта, қазы!..
Терезеден станса жаққа көз салып отырған Танакөз түн ішінде пойыз жағалап, әр вагонның есігіне телмірген әйелдердің осы беймаза, жалынышты тірлігіне аяушылық сезіммен қарады. Жүрегінің басы шым еткендей болды.
Бала-шағасының нәпақасы үшін күн демей, түн демей теміржолдың бойын жағалаған әйелдердің беймаза, өнімсіздеу тірлігі күнкөрістің көңілсіз, жүдеу елесіндей әр бекеттен мен мұндалап алдан шыға береді.Ұланғайыр даланың әр бағытқа кетіп жатқан сан тарау жолдары қаншама, сол жолдардың бойында осындай тіршіліктің соңында жүрген мыналар сияқты әйелдерді көргенде, өзінің қаладағы өміріне налуы күнә екен. Оты, суы ішіндегі үйінің берекесі маздаған тіршілігіне шүкірлік етерліктей жөні бар екендігі рас қой…
Бірер минөт қана аялдаған пойыз тағы бір ырғалып алды да, орнынан баяу қозғалып кетті. Пойыз доңғалақтарының сартыл-сұртылы түн қойнауының тыныштығын бұзып, ұзақ жолдың бірқалыпты сарыны одан әрмен жалғасты.
Жол бойында деміл-деміл ұзақ аялдаған жайдақ пойыз Теректіге бір сағаттан астам уақытқа кешігіп жетті. Бұлар вагонның есігінен шығар- шықпастан, қарсы алдарынан арсалаңдап алқын-жұлқын Бисен жүгіріп шықты. Келе сала Сәулетжан мен Танакөздің бетінен алма-кезек сүйіп жатыр.
- Апам да келем, қызым мен немеремді өзім қарсы аламын деп еді, тастап кеткенім жақсы болды, пойыздарың әбден кешікті ғой… – Бисен абдырлап-дабдырлап, әбден мәре-сәре. – Оның үстіне ілекерлеп мініп жүрген әлгі жаман сырқылдағым бұзылып қалып… Бірақ көлік бар, көршінің баласы, Матай ағаның Мұратханының мәшинесімен келдім. Баяғы кішкентай Мұратхан ше?..
- Білем ғой, оның да жігіт болып қалғаны ғой, ә!.. – Танакөз өзінің таңғалысын жасырмады.
- Жігіт болғанда қандай, нағыз крутойдың өзі! Осындағы Жұбаныш деген мықтының оң қолы, астында джип, қазір көресің…
- Кімнің дедің?.. – Танакөз інісінен Жұбаныштың атын қайталап
сұрады. – Ол кім еді өзі?..
- Жұбаныштың дедім ғой, сен танымайсың оны…
- Танымасам, танымайтын да шығармын…
Теректінің арғы басындағы Бисеннің үйіне жеткенше көңілін кенеттен елең еткізген әлгі Жұбаныштың аты ойынан шықпай қойды.
«Жұбаныш, Жұбаныш… Сол баяғы өзіне ғашық болған момын Жұбаныш па, ол да осы төңіректің, Үлкен Теректінің баласы еді ғой, сол болса, неге танымасын, таниды ғой. Екеуінің арасындағы жас кездегі оқиғадан Бисен бихабар болғандықтан, танымайсың деп отырған шығар».
Жастық өмірдің қас-қағымдай бір сәтінде ғана кездесіп, одан соң ұмыт болған Жұбаныштың қайда жүріп, қайда тұрғаны Танакөз үшін бәрібір болатын. Оқта-текте ойына түссе, Жұбанышпен арада болған азырақ достығын балалықтың баянсыз да күнәсіз қылығына саятын да қоятын. Есейе келе оның да бұған өрекпіген сезімі суынып, сабырға түскен болар. Өзінің кіршіксіз жүрегіне шын лайық жар тауып, Жұбаныштың бақытты, алаңсыз ғұмырын кешіп жатқанына оның еш күмәні жоқ еді.
Үйге келіп, шешесінің сағынышты мейіріне бөленген Танакөз көңіліндегі өзгедей ой атаулының бәрін жадынан шығарып, сол баяғы балалық қалпына оралғандай күйді басынан армансыз кешірді. Үлкенді- кішілі бауырлар – іні мен келін, аға мен жеңге Танакөз бен Сәулетжанды орталарына алып, бірінен соң бірі үйлеріне шақырып, бар дәмді асын алдарына қойып, аялаумен болды.
Қызы мен жиен немересінің келгеніне арнап, екі-үш күннен соң шешесі кішігірім той жасады. Теректідегі өздеріне қараған ағайын-туыс, көрші-көлем тегіс жиылып, ынтымағы ұйыған үйдің қуанышына құтты болсын айтысты.
- Айдынәлі марқұм бүгін бір аударылып түскен шығар, жақсы көретін қызы өз босағасына балапанын ертіп келіп, тілеуқор ағайын-туманың батасын алып жатыр, – деді Теректідегі рулас ағайындарының қариясы Орынәлі шал асқа батасын беріп болып. – Қайда жүрсең де, аман бол, шырағым. Бала-шағаң өсіп-өніп, өрби берсін! Күнзила келін, ағайын-туыспен бөлісіп жатқан қуанышың ұзағынан болсын. Әумин!
Сол күні кешкісін шешесі Танакөзді қасына оңаша алып, екеуі оны- мұнының төңірегінде көп әңгіменің тиегін ағытты.
- Көңілің сырт көзге орнықты көрінгенмен, ішіңде жатқан бір қаяу бар сияқты, қызым. Мұны сезбей-білмей жүргенім жоқ. Емелбекпен екеуіңнің араларың дұрыс па еді, әйтеуір? – деп жеңіл ғана күрсініп, қызының жүзіне сауалды кейіппен бір қарап қойды ол. – Ішеді екен, ішсе, саған қол жұмсайды екен деген сияқты хабар бұл жақтағылардың құлағына еміс-еміс шалынып жатады. Қайбірде барып келем бе деп бір оқталып едім, Бисенжан тоқтатты. Оның үстіне денсаулығым да соңғы кездері болыңқырамай жүр. Уһ!..
Шешесінің соңғы жылдары тым қартайыңқырап баратқаны екі ұртындағы әжімнің тереңдей түскенінен анық аңғарылғандай. Қара торы әдеміше жүзінің реңкі қуқыл тартыпты. Аялы көздерінің айналасын торлаған ұсақ әжімдер де қазір көбейген.
Танакөз ләм-лим деместен, көзі жасаурап, шешесіне аяушылықпен үнсіз қарап отырды. Өзінің мұңын айтып, онсыз да уайымға толы ана жүрегін жаралағысы келмеді.
- Уайымдамаңыз. Бәрі дұрыс. Аз-мұздап ішпейтін еркек бола ма. Аздап ішкесін ұрыс-керіс шығаратын жағдайы болса, бұл екеуара жөнге келтіретін шаруамыз ғой. Бүлініп, біржола бет қаратпастай болып жатқан дәнеме де жоқ, бәрі орнында. Балаларымыз балқұрақтай болып өсіп келеді, оқуларын оқып жатыр алаңсыз, шүкірміз ғой, апатай-ау!..
- Е, бәсе, өзім де солай ойлағам, Танакөзімнің ақылы мен шыдамы босағасын шайқалтуға жібермес дегенмін. Көздері жәудіреген алтын асықтай балалары тұрғанда отбасының берекесі бұзыла қоймас-ау, сірә, дегенім рас болды, құлдығым…
Танакөздің шеше көңілін аулай сөйлеген сөзі бір жағынан өзін-өзі жұбатуы да еді. Кімнің төрт құбыласы түгел, бұл өмірде ненің толымды бола қалғаны рас еді, тіршілік тіршілік болып жаралғалы, әйтеуір бір нәрсенің орны кем түсіп жатады. Өмірдің заңы солай, оған көнбеске ешкімнің де шарасы жоқ. Ол осындай тәубелік ойға ден қойып, өмір сүріп келе жатқанын шешесіне әлгіндей сөздермен жеткізе алды ма, білмеді. Қайткенде де, осыған өзін-өзі итермелеумен келетіні сөзсіз ақиқат еді.
Бір аптаның қалайша зыр ете қалғанын байқамапты. Бисен бұларды кешкі пойызға тағы да сол Мұратханның мәшинесімен стансаға апарып салатын болды.
Танакөздің ойына әнеукүні Бисеннен естіген Жұбаныштың есімі қайта оралды. Бұларды жолға дайындап, оны-мұнысын бөлек қалтаға салып жатқан шешесінен:
- Апа, баяғы Жұбаныш деген баланы ұмытқан жоқсыз ба, ол өзі… қазір осында тұра ма? – деп сұрады.
- Үйбай-ау, ия, айтпақшы, әлгі сол баяғы момын бала осында, Теректіде. Қой аузынан шөп алмас Жұбаныш емес ол енді қазір, шаруасына мығым үлкен бастық, бай көрінеді өзі. Пермісі бар дейді қоралап мал ұстап отырған, егін, көкөніс салатын көп жері бар екен, екі Теректінің сенделіп қалған біраз адамдарына жұмыс тауып беріп, асырап отырған Жұбанышты білмейтін бұл төңіректе адам жоқ. Ұмытпапсың ғой, қызым-ау, ә?!. Ұмытатындай жігіт емес еді-ау, қайтесің, тағдыр қоспаған шығар…
Шешесінің көкейіндегі сөздің астарын Танакөз түсінді, түсінді де одан әрі Жұбаныш туралы әңгімені өрбіткісі келмеді. «Түптің түбінде әркімнің өмірдегі өз жолы бар шығар. Кім білген, менімен ол бақытты болар ма еді, болмас па еді? – деген ой көкейіне осы мезет еріксіз ұялаған еді. Менің де онымен бақытты болар-болмасым екіталай емес пе? Екіталай дүние ғой бәрі де»…
Бірде олай, бірде бұлай, екіталай дүниенің болжамын кесіп-пішіп кім білген. Кесіп-пішіп білсе де, тіршілігінің уәжіндей құп алар ма еді оны, соған мойынсұнар ма еді? Адам маңдайына жазылған өз тағдырын қолдан жасауы мүмкін бе? Мүмкін емес қой. Мүмкін болса, әркім өз қалауынша жасап алар еді, бірақ мұндай өмір өмір бола ма, қуанышы мен мұңы, жеңісі мен жеңілісі тайталас түсіп жататын адами тіршілік өз мән-мағынасын жоғалтар еді ғой…
Қайтар жолдың үстінде Танакөз Жұбаныш туралы, өзінің өмірі туралы шым-шытырық ойлардың сонарына түсіп, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмады. Пойыз доңғалақтарымен бірге жүрегінің соғысы да сартыл-сұртыл ырғақпен алып-ұшқандай.
Ұйқысы қашқасын орнынан тұрды.
Төменгі орынға жатпай, қызық көріп жоғары сөреге шығып алып ұйықтап қалған Сәулетжан бүрісіп, тоңып жатқандай көрінгесін, жамылғысының үстіне күздік пальтосын жауып қойды.
Вагонның жолсерігі жолдағы бекеттердің бірінен мінгізіп алған бірді- екілі жолаушы болмаса, жұрттың бәрі тегіс ұйқыда. Бұлардың жанында, бүйірдегі орында біреудің аяқ жағында қысылып-қымтырылып отырған қартаңдау кісі Танакөзге:
- Қызым, ішетін бір жұтым суың бар ма? – деп сұрады. – Аузым тобарсып кетті, мына пойызы түспегірді кемпіріміз екеуміз жарты күн стансаның басында жатып күттік, бір қиыр жерден келіп.
- Мүмкін шәй ішерсіз, ата. Қазір мен ыстық су алып келе қояйын, – деді Танакөз шалдың шүңірейіп кеткен көздеріне, шаршаңқы жүзіне мүсіркей қарап.
- Көп жаса, шырағым! – Шал вагонның есік жақтағы орындарының бірінде отырған кемпірін шақырды. – Әй, мұнда кел, шәй ішіп ал кішкене, мыңжасағыр мына қызым шәй демдеп беремін дейді…
Шалдың даңғырлап сөйлеп, бүкіл вагонды басына көтергені әлдекімдерге, әрине, жақпаған болуы керек.
- Өзі билетсіз мініп алып, әй-шәй жоқ, түн ішінде жұрттың ұйқысын бұзып айқайлағаны несі! – деп күңкілдеді бір әйел. – Қаталап барады ма екен сонша?..
Әлгі әйелдің күңкілі құлағына шала-шарпы тиген кемпір, әйтеуір шалына қатысты жағымсыздау сөз екенін бажайлады ма, шалына қабағының астымен қарап, даусын бәсең ғана шығарып, ыңғайсыздана сөйледі:
- Қап-ай, ыңғайсыз болды ғой! Түн ішінде жұрттың шырқын бұзып… Шыдасаң етті азырақ…
- Е, не боп қапты соншама, шәй ішеміз дегенге ұйқысы бұзыла қалған қай зәнталақ өзі…
- Дымыңды шығарма-а-а деймін,- деп қылғынды кемпір. – Дымыңды шығарма…
Танакөз қарт адамдардың еріккеннен жолаушылап келе жатпағанын сезді. Түн ішіндегі қысылып-қымтырылған жағдайларына қолынан келген кішілік ілтипат-ибасын көрсетіп бақты. Екеуіне шәй беріп болғасын, Танакөз:
- Менің орныма жайғасып, көз шырымын алыңыз, ата. Мен мана күндіз ұйықтап алғанмын, – деп шалға орнын ұсынды. – Қалаға жеткенше әлі бірталай уақыт бар.
- Көкетайым-ау, танымасаң да, білмесең де бізді сонша өбектеген мейіріміңнен айналдым!..
- Көп жаса, шырағым. Атаң шаршады. Стансаға мана түсте келгеміз. Өзіміз Құмжарда тұрамыз. Немере келініміз босанып, хабар жеткесін, үйде шыдап отыра алмадық. Шөбересінің алды болғасын мына шалда тіпті дегбір қалмады ғой, – деп кемпір сыбырлай сөйлеп бар сырын ақтарып салды. – Өзің қайдан келесің, шырағым?..
- Теректіден, апа. Төркіндерімнен келемін, мына ұлымды әжесіне апарғанмын…
- Айналайын, анаңды сыйлап құрметтесең, көсегең көгере берер!..
Өзінің орнын беріп, қариялардың жағдайын жасаған Танакөз таң атқанша тікесінен тік отырды. Шөберелерінің дүниеге келгеніне қуанып, қалаға жетуге асыққан, ауылдың ақкөңіл қария кісілерінің кіршіксіз жан- дүниесіне тәнті болғаны сонша ұйықтамағанына, шаршағанына ол өкінген жоқ.
… Пойыздан түскесін Танакөз бен Сәулетжан кетуге асықпады, өздерімен бірге түскен шал мен кемпір, өздерін қарсы алатын адамдардың қарасы көрінбегесін жан-жақтарына қарағыштап, аялдап тұрып қалған болатын.
- Ата, келе жатқандарыңызды айтып, балаларыңызға хабар беріп пе едіңіздер? – деп сұрады Танакөз. – Қайда тұратынын білсеңіздер ме?..
- Ауылдағы балалар тілипанмен айтамыз деген, айтса, қарсы алулары керек-тұғын, – деп абыржыды шал. – Станса басынан өзіміздің де тілгірәм салу қаперімізге келмепті…
Телефон номерінен басқа ештеңе жазылмаған тілдей қағазды кемпір кәмзолының қалтасындағы шиланынан алып Танакөзге берді:
- Дәулетбекжанның үйінің тілипаны жазылған осында, шырағым. Қайда тұратынын өздері айтпаса, бұ қаланың қай түкпірін білейік біз?!.
- Бәрі дұрыс болады, абыржымаңыздар. Қайда тұратынын білсек болды, өзіміз-ақ апарып саламыз, апа.
Танакөз қалта телефонын алып әлгі номерді теріп еді, тырс деген жауап болмады. Қайталап терді, бірақ Дәулетбектің телефоны тағы да ұзақ уақыт жауапсыз безерді.
- Алмай жатыр телефонды. Менің қоңырауым барып-ақ тұр…
- Енді қайттік?..
Танакөз қариялардың қапелімде абыржып, алаң-құлаң еткен кейіптерін кәдімгідей-ақ аяп кетті.
- Апа, абыржымаңыздар, біздің үйге жүріңіздер қазір. Шәй ішіп жайланып алып, балаларыңыздың үйіне содан соң барасыздар. Өздері менің телефоныма хабарласуы тиіс.
- Үйбай-ау, олар сенің тілипаныңды білсе қане?! – деп сасқалақтады кемпір.
Танакөз кемпірдің қалта телефонның мән-жайынан бейхабар екенін түсініп, күлімсіреп қойды.
- Апа, менің телефонымды біледі, жаңа звондадым ғой, менің нөмірім оларға түсіп тұр, бәрі дұрыс болады. Олар сіздердің қай пойызбен қашан келетіндеріңізді білмеген ғой!..
- Әрине, білмеген! Дәулетбекжанға хабар дұрыс жетпеген. Ана Құмжардағылардың тілипанынан бір кінәрат болған сірә. Хабар жетсе, өкпесін қолына алып, жүгіріп-ақ келер еді ғой манадан бері. – Шал әр сөзін нығыздап айтып, сабырға келгендей болды. – Әйтеуір қаласына аман-есен жеттік қой, табармыз үйін, мына қызым осы қаланың адамы ғой, саспа, кемпір!..
Танакөз қарияларды өзінің үйіне апарып, шай беріп, жайландырып болғанша Дәулетбек те онымен хабарласып үлгерді. Ата-анасының келген хабарын ести сала, тез жететінін айтты.
- Міне, көрдіңіздер ме, Дәулетбек қазір өзі келіп алып кетеді сіздерді. – Танакөз балаша қуанған қарияларға күлімсірей қарады.
Қалбалаңдап, Танакөзді айналып-толғанып, батасын берген шал мен кемпір:
- Айналайын, өзің атыңа сай әдемі де ақылды қызым екенсің, шөберемнің шілдеханасына шақырамыз сені мен күйеу бала екеуіңді. Күйеу баланы көре алмадық, жұмысында екен, келгесін сәлем айт, сендей жары бар қандай бақытты жігіт! – Кемпір қоштасарда Танакөзді қайта-қайта құшақтап бетінен сүйді. – Дәулетбекжан, сен мына Танакөзді шілдехана тойына міндетті түрде шақыратын бол, тілипаны өзіңде бар көрінеді ғой!..
- Көп-көп рақмет, мына кісілер сізді біраз әбігерге түсіріпті, бізге келетінін айтқанымен, немен, қашан жететінін хабарламады, ауыл арасындағы өздерінің жүріс-тұрыстары сияқты көреді ғой, – деп түр-келпеті әкесіне келіңкірейтін, атжақтылау келген ақсары жігіт кешірім өтінгендей сөйледі. – Менің есімімнің Дәулетбек екенін көкем мен апамның өздері-ақ айтып үлгерген шығар. Шілдеханамызға міндетті түрде келетін болыңыз, шақырамыз!..
Танакөз әдемі ғана жымиып, Дәулетбектің ілтипатын қабыл алды.
Жол үстінде жолығып, дидарласқан азғантай мұрсатта кіршіксіз батагөй көңілдерін аста-төк сыйлаған қарияларды Танакөз өз үйіне құдіреті күшті жаратушының әз-бұйрығымен келген Қыдырдай көріп, жақсылыққа ырым етті.
… Он күндік демалысы көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жұмысқа әжептәуір сергіп оралған Танакөзді жұмыстағы келіншектер шуылдасып- дуылдасып көңілді қарсы алды.
- Әдеміленіп кетіпсің, демалыстың аты демалыс қой!
- Өзі де ақсарының сұлуы емес пе!
- Өзің жоқта сені телефон соғып іздеушілер көбейіп кетті, – деп сылқ- сылқ күлді сылқым келіншек Зұлфира. – Атыңыз кім десек, айтпайды, даусы жағымды бір жігіт әйтеуір…
- Даусы жағымды дейсің бе? Кім болды екен?..
- Кім екенін өзің білесің-дағы, біз қайдан білейік. Мен білсем, өзіңді бөтен көрмейтін адам. Бірақ бәрі ішіңде ғой сенің, айтпайсың ғой, қу келіншек. – Зұлфира көзін ойнақшытып, жымың-жымың етті. – Кім екенін біліп тұрсың, мөлдірей қалған көзіңнен көріп тұрмын. Сенің көздерің бар ғой, қай еркекті болса да «аһ,уһ» дегізіп сұлатып түсіретін көздер, оллаһи!..
Өзі қайдан білсін, білетіні жалғыз Лебіз еді. Оның телефон соғуы екіталай. Телефонымды білмейтінін былай қойғанда, өткен жолғы кездесу екеуінің соңғы кездесуіндей болғанын ол сезіп, біліп кетті. Бәрі біткен, бәрі болған тәмамдалып. Ендігі жерде алаңсыз өмір сүруі керек. Белгісіз бір үмітке алаңдап өмір кешуге әл-дәрмені таусылғаны рас. Әйелдік пешенесіне жазылған тағдырын ешкім де, ештеңе де өзгерте алмас бұдан былайғы жерде. Көрер тауқыметі – бір Емелбектің өз басынан жетіп артылатын пенделігі, күйкілігі болса, оны да көріп алар. Десе де, Лебіздің қандай жағдай болғанда да адамның бір-бірімен үйлесіп өмір сүруі туралы өткендегі айтқаны бекер сөз емес-ау осы. Өмірдің ләззаты сол деп еді-ау, ақиқаты солай екені рас болса? Рас болар, ақылды адам ғой, сол сөзді тегіннен-тегін айтпаса керек…
Өзін-өзі осылайша тоқтамға шақырып, өмір сүру туралы өзінің дұрыс ойларына бекемденгісі келсе де, Танакөз бәрібір тыншу таба алмады. Тағы да елеңдеу, тағы да әлденедей бір үміт-ойдың сонарына ессіз арбалу. Осындай күйге енген сәттерінде ойына еріксіз оралатын жалғыз бейне – Лебіз. Адал жүрегіне, ер көңілді мінезіне өзін тәнті еткен сол Лебіз…
Екі күн бойы Танакөз өзін іздеген жағымды дауысы бар адамның телефонын күтті. Екі күн бойы оны іздеген тірі пенде болмады. Зұлфираның сайқымазақ әзілі болар дегенге сайып, өзінің құрдан-құр өрекпігеніне өкіне бастаған Танакөзді жағымды дауыс үшінші күннің сәскесінен ауған мезгілде тағы іздеді.
Телефонды қашанда бірінші алатын Зұлфира Танакөзге тұтқаның микрофонын басып тұрып:
- Сол. Соның өзі! – деп сыбырлады. – Мә, ұста!..
- Танакөз, бұл – мен ғой, Лебіз! Күтпеген боларсың, сенің телефоныңды іздеп табуға тура келді.
Бірер сәт тым-тырс тынып үнсіз қалған Танакөз қапелімде не дерін білмей, мүдіріп қалды.
- Қайдан, қалай таптың расында? Мен айтпаған сияқты едім ғой… – Таңғалғаны да, қуанғаны да оның даусының нәзік дірілінен ап-айқын сезіліп тұрды.
- Өзің емделген кардиологиядағы таныстар арқылы таптым, сондағы ем-дом жасау тарихыңда жазылған екен телефондарың. Бірақ үйіңе звондаған жоқпын, қорықпа. Ол жағынан сақтық жасауға ақылым да, сабырым да жетті…
Танакөз бұдан әрі қалай сөйлесуді білмей дағдарып, тағы да тосылып қалды.
- Сөйлесе алмай отырған жағдайыңды біліп тұрмын, Танакөз. Мүмкін болса, сол өзің білетін жерге, өзің білетін уақытта кездесуге шақырғым келеді сені, егер қарсы болмасаң, әрине…
«Құдайым-ау, неге қарсы болайын, сенімен кездесуге, жаным Лебізім! Кездеспеуге болмайтынымызды сездіргенің қандай дұрыс болды. Бірімізді- біріміз ұмыта алмай өмір сүру де шексіз бақыт екен ғой, сен соны білемісің, жаным, асылым»!
Бұл сөздерді Танакөз Лебізге ынтыққан жүрегінің ғажайып үнімен іштей елжіреп айтты.
- Неге үндемей қалдың, Танакөз?..
- Мен үнсіз сөйлеп тұрмын ғой, барлық айтқаныңды құп алған үнімді ести алмадың ба, жаным?..
- Танакөзім менің!..
Лебіздің үнімен жеткен осы бір ғажайып сөз оның жан-дүниесін ешбір кереметке айырбасталмас ғашықтық ынтық әсерге бөледі. Көз шарасынан ыршып кеткелі тұрған мөп-мөлдір жас Танакөздің жүрегіне осы мезетте ұялаған нұрлы сезімнің жасы еді. Ғашық жүрегін тәтті мұңның жеп-жеңіл күрсінісі шым еткізген тұп-тұнық сағыныштың жасы еді.
Танакөз сол күнгі кештің тезірек болуын ала-бөтен ынтыға күтті…